Қазақстан-Сингапур: Ынтымақтастықтың жаңа белестері

Қазақстан мен Сингапур арасында өзара ынтымақтастық қатынастар дамып келеді. Қос тарап «жасыл» экономика, бизнес және логистика салаларында сауда және инвестициялық байланысты ары қарай кеңейтуге ниетті. Айта кетейік, ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Сингапур арасында білім, мәдениет және басқа да салаларда сындарлы саяси диалог орнатылған. 

БУРХАН ГАФУР, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ СИНГАПУРДЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Екіжақты қарым-қатынасымыз берік. Біздің елдің тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю Қазақстанға талай рет барып, президенттеріңіз Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен болатын. Қос мемлекет арасында экономикалық ынтымақтастық жақсы дамып, халықтар арасында достық қарым-қатынас орнаған. Болашақта да бірлесіп көптеген жұмыс атқарып, халықаралық қауымдастықтың дамуына өз үлесімізді қосатынымызға нық сенімдімін.

БҰҰ жанындағы сингапурдың тұрақты өкілі Бурхан Гафур екі елдің достығы тек нығая беретініне сенімді. Сондай-ақ ол Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделі мен әлемдегі күрделі жағдайларды шешудегі еліміздің еңбегін ерекше атады.  

БУРХАН ГАФУР, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ СИНГАПУРДЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан Орталық Азия аймағында маңызды рөл атқарып келеді. Сондай-ақ елдеріңіз Таяу Шығыс, мәселен, Сириядағы жағдайдан да тыс қалмай отыр. Бұл – тек өз аймақтарыңыз ғана емес, БҰҰ-ның жұмысына және бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қосып отырған маңызды үлес. Қазақстандық дипломаттардың көптеген елдер үшін үлгі тұтарлық еңбегін де ерекше атап өткім келеді.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Сингапурға Қазақстаннан экспортталатын тауарлардың көлемі артқан. Осылайша, отандық кәсіпкерлер аталған елдің нарығын бағындыра бастаған. Онда негізінен қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдері тасымалданады. Өз кезегінде, Сингапур біздің елге азық-түлік пен химия өнеркәсібінің тауарларын жеткізеді. Мамандардың айтуынша, Қазақстан мен Сингапурдың ортақ мақсаты – тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, адами капиталды дамыту.