Нью-Йоркте «Лаңкестіктен азат әлемге жету туралы» Кодекс жобасы таныстырылды

Қазақстан бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын ұстанушы мемлекет ретінде әлемге танылды. Біздің еліміз халықаралық аренада жалпыға бірдей әлемді құру декларациясының бірлескен авторы және бастамашысы, сонымен қатар ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан республика ретінде белгілі. Сондай-ақ Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан қарар қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялады. Бұл – тәуелсіздік алған уақыттан бергі жасалған игі істердің бір бөлігі ғана. Бүгінде Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатуға көптеген мемлекеттер мүдделі. Осы ретте өзара тиімді байланыстарды кеңейту туралы Еуропалық елдердің бірі – Андорра князьдігі ниет білдіріп отыр.

ВИВЕС ЭЛИСЕНДА, АНДОРРАНЫҢ БҰҰ-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан мен Андорра арасында достық қарым-қатынас орнаған.  Нью-Йорктегі біздің өкілдіктеріміздің де ынтымақтастығы тығыз. Бірақ біз сіздің елмен түрлі саладағы байланысымызды кеңейтуді қалаймыз. Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамалары бізге үлкен әсер етті.

Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 73-сессиясында «Лаңкестіктен азат әлемге жету туралы» Кодекс жобасы таныстырылды. Бұл құжат Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген. Кодекстің таныстырылымы еліміз үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болды.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан делегациясы жұмысының басты тақырыптары бітімгершілік, қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау, Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, лаңкестік пен есірткіге қарсы күрес болмақ.  Сондай-ақ тұрақты даму мәселелерін де қарастырамыз. Елбасының тапсырмасы бойынша, Қазақстан делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы күн тәртібіндегі  негізгі сауалдарын талқылауға белсенді түрде қатысып отыр.