Қазақстан – ядросыз әлем қозғалысының көшбасшысы

Қазақстанның антиядролық бастамалары көпке аян, өзгеге үлгі. Біздің еліміз – қарусыздану және жаппай қырып жою қаупі зор қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көш басында келетін мемлекеттердің бірі. Бұны дүниежүзі мойындап отыр. Елдің бейбіт әлем құру төңірегіндегі беделі басым дейді халықаралық сарапшылар. Игі бастама БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қабырғасында да Қазақстан тарапынан тұрақты түрде көтеріліп жүр.  

ЕРЖАН АШИКБАЕВ, ЗАМЕСТИТЕЛЬ МИНИСТРА ИНОСТРАННЫХ ДЕЛ РЕСПУБЛИКИ КАЗАХСТАН:

 - Жаппай қырып-жою қаупі зор қарулардың ішінде ядролық қарудың күйреткіш күші ең жойқын деп саналады.  Бұл қауіп-қатер әлем елдерінің басым көпшілігін алаңдатпай қоймайды. Сондықтан да Елбасы алғашқылардың бірі болып жаһандық мәселені халықаралық деңгейде көтерді. Ол әрдайым өз сөзінде және «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі бағдарламалық құжатында бейбітшілікке  деген көзқарасын айқын білдіреді.  Әлемді өзін-өзі құртуын тоқтату үшін алдымен жер бетін ядролық қарудан тазартып арылту керектігін алға тартады.  

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ барша адамзат тағдыры үшін қатерлі қарудан түбегейлі бас тарту жолын таңдап,  халықаралық атом құқығын дамыту бағытында белсенділік таныта бастады.

1991 жылдан бастап қолға алынған бастамаға бүгінде әлем елдері де қолдауларын білдіріп, қосыла бастады. Бұл алдымен Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тағдырын шешкен қаулысы болды. Елбасының әлемдегі көлемі жағынан екінші орында тұрған Семей ядролық полигонын жабу туралы шешімі Қазақстанның жаңа тарихын ашып берді, адамзатқа ядролық сынақтарсыз болашақ сыйлады.

ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ, «НЕВАДА-СЕМЕЙ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Қоғамдық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар ядролық қаруға қарсы күрес жолындағы түрлі бағыттағы бастамаларға қандай көмек жасай алатынын осындай жиындарда талқылауымыз керек. Сондай бас қосулардың бірі Алматыда өтеді. «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдығына арналған конференцияға Америка, Жапония және тағы басқа елдердің сала өкілдері қатысады.

Жапония Қазақстанның ядролық қаруға қарсы күрес жолындағы басты үзеңгілесі саналады. Өйткені қос ел де қатерлі қарудың ащы тауқыметін тартқан,  тағдыры ортақ.  Бүгінде тараптар әлемді ядролық қарудан азат ету үшін бірлесу туралы шешімге келді.  

ХИРОО САЙОНДЖИ, «БЕЙБІТШІЛІК ТУРАЛЫ ҒИБАДАТ» ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

 - Әлемдік қауымдастық Қазақстанның жер бетінде бейбітшілік орнату үшін ядролық қарусыздану және ол қаруды таратпау бойынша белсенді түрде жүзеге асырып жатқан жаһандық бастамалары үшін алғыс білдіруі керек деп санаймын. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақтар жүргізу полигонын жабу шешімі мен одан кейінгі де осы төңіректе қолға алған ірі халықаралық жобаларын әлем жұртшылығы барынша қолдап келеді. Жапония да – ядролық қарудың жойқын күшінен жапа шеккен ел. Сондықтан қос мемлекет халқы да зұлмат қарудың  ащы тырнағының кесірін тартты. Ендеше әлемді ядролық қарудан азат ету үшін бар бастамаларды бірлесіп іске асыруымыз керек. 

Ядролық қарусыздану – Қазақстан басымдық беріп отырған мәселелердің бірі. Еліміз – халықаралық бітімгершілік үрдістердің белсенді қатысушысы. Сарапшылардың пайымынша, мемлекетіміздің осы тұрғыдағы беделі мен тәжірибесі әлем қауымдастығы үшін аса құнды.