Қазақстан бітімгершілік миссияларының аумағын кеңейтеді

Қазақстан бітімгершілік миссияларының аумағын кеңейтеді. Қазақстандық 120 жауынгер Ливандағы бітімгерлік операцияға қатысады. Олар Үндістан қарулы күштерімен бірігіп, қақтығыстарды болдырмау шараларына атсалысады. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсетеді. БҰҰ миссияларға қатысушы бітімгерлер санының артуы қуантарлық жайт деген пікір білдіруде. Айта кетейік, Қазақстан жаһандық және өңірлік сын-қатерлерді шешу жайлы БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде айтқан болатын. Елбасының саяси үндеуінде БҰҰ-ның миссияларына қазақстандық әскери бақылаушылар мен бітімгершілер санының арта түсетіні жайлы айтылған. Осы кезден бастап Қазақстан бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істеп келді. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін еліміз қойған мақсаттарына біртіндеп жетуде.    

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

- Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысы аясында алғаш рет бітімгерлер миссиясын Ливанға аттандырмақ. Сарбаздарымыз Ливандағы Үндістан контингенті құрамында болады. Бұл - тарихи оқиға, Қазақстан өзге елдегі бітімгерлік операцияларға белсенді түрде қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Айта кетейік, әскери контингентіміздің географиясын кеңейту мақсатында Парламент БҰҰ-ның 5-миссиясына қатысуға бекінді. Бұл - Ливан, Кипр, Үндістан, Пәкістан және Батыс Сахарадағы бітімгерлік операциялар. Өз кезегінде БҰҰ еліміздің бітімгерлік әрекетін кеңейту мақсатындағы жүйелі жұмысын құптап отыр. Ұйым басшылығы да Қауіпсіздік Кеңесі отырыстарының бірінде Орталық Азиядағы бітімгерлік хабына айналу жолындағы еліміздің сындарлы саясатын ерекше атап өтті.

ҚАЙРАТ ОМАРОВ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

- Қазіргі кезде жабдықталуы, дайындығы, шет тілдерін білуі, ең бастысы қиын жағдайда қызмет ету қабілеті мен адам құқықтарын сақтау жөнінде контингенттерге қойылатын талап күшейіп жатыр. Қазақстандық бітімгерлер миссиясы алғаш рет тілі, ділі бөлек өзге елмен серіктестікке қатысып отыр. Бұл - жаңалық, инновация. Сонымен қатар осы салада болып жатқан жаңашылдықтарды Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады.

Ливандағы миссия еліміздің қарулы күштеріне, гуманитарлық операциялардағы әскери қызмет дағдысын үйренуге және соғысқа қабілеттілігін сынау мүмкіндігін береді, яғни қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне тойтарыс беру үшін қажет.