Астанада Ауғанстан әйелдерінің құқығын кеңейтуге арналған жиын өтті

Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік. Бұл мәселеге аймақ елдері ерекше көңіл бөліп отыр. Осы тұста Ауғанстанды қолдауға ден қойылған. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Ауғанстан мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Бұл бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – осы мемлекеттегі гендерлік теңдікті қамтамасыз етіп,  әйелдердің жағдайын жақсарту болып отыр. Жиын барысында шағын және орта бизнеспен айналысатын әйелдерге қолдау көрсету мәселесі де қарастырылды. 

МАРИЯ НОЭЛЬ ВАЕЗА, «БҰҰ-ӘЙЕЛДЕР» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазақстан Ауғанстанда тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлін жоғары бағалап отыр. Елдеріңіз ауғанстандық әйелдердің білім деңгейінің арттыруға барынша жағдай жасауда. Өйткені елде бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін бұл аса маңызды. Менің білуімше, Қазақстан ауғанстандық әйелдердің осында келіп, білім алулары үшін айтарлықтай қаражат бөлінген. Олар Қазақстанда білім алып, өз елдерінде жақсы қызметке орналаса алады. 

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары бұл мемлекетте гендерлік теңдік мәселесіне байланысты бірқатар өзгерістер болған. Нәзікжандылар мемлекеттік құрылымдарда, Ауғанстан парламентінде қызмет етуде. Депутаттардың төрттен бірі – әйелдер.

ЭДРИЭНН РОСС, СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫСТЫҚ КОММУНИКАЦИЯЛАР БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫНЫҢ КӨМЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазақстан Ауғанстанға әрдайым дос, серіктес ретінде қарайды. Әйелдердің мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлініп отыр. АҚШ тарапы Орталық Азия аймағында Қазақстан сынды серіктесіміздің болғандығына қуанышты. Қазақстан Ауғанстанға дәл керек кезде көмек көрсетіп, қолдау білдіруде. Бұл игі іс жақын арада өз нәтижесін береді деген сенімдемін.

Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде соңғы 8 жылда тұңғыш рет Ұйымға мүше елдердің Ауғанстанға сапарын ұйымдастырған болатын. Еліміз жүйелі түрде гуманитарлық көмек көрсетіп, түрлі жобаларға қатысады. Бұл бастама жалғасын таппақ.