Қазақстан – бітімгер мемлекет

Қазақстанның бейбітшілікке шақырған бастамалары жаһанға танымал. Тәуелсіздік алғалы бері республика сенімді әріптес әрі бітімгер мемлекет ретінде танылып келеді. БҰҰ жанындағы Малайзияның тұрақты өкілі Шахрул Икрам осылай дейді. Оның айтуынша, Қазақстанның бастамалары түбінде БҰҰ-ның  ресми құжатына айналғанына көпшілік куә. Ал «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің теңқұқылы мүшесі атануы – елдің жарқын жетістігінің дәлелі», дейді Шахрул Икрам.

ШАХРУЛ ИКРАМ, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ МАЛАЙЗИЯНЫҢ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ: 

- Қазақстан халықаралық ұйымның белсенді мүшесі екенін барлығымыз білеміз. Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде маңызды рөл атқаратын мемлекет.

Өз кезегінде БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы Мирослав Лайчактың айтуынша, ядролық қарудың көзін жою жолында Қазақстанның қосқан үлесін зор. Сондай-ақ, бүгінде бүкіл әлем еліміздің бейбіт бастамаларына қолдау  білдіруде.

МИРОСЛАВ ЛАЙЧАК, БҰҰ БАС АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

- Сіздің ел халықаралық ұйымда маңызды әрі жауапты рөл атқарады. Бұл орайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі оған дәлел. Қазақстан мұнда тек өз мүддесін қорғап қана қоймай, әлем бейбітшілікте өмір сүруі тиіс екендігін аңғартты. Қазақ елі бұған үлгі болары сөзсіз.

Қазақстанның ядросыз аймақ болып жариялануы және Семей полигонының жабылуы - қазақстандықтардың мақтануға тұрарлық жетістігі. Бұл - Еуропалық Парламенттің депутаты, Сыртқы істер комитетінің мүшесі Андрей Мамыкиннің пікірі.  

АНДРЕЙ МАМЫКИН ЕУРОПАЛЫҚ ПАРЛАМЕНТТІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Қарудың басқа түрі ядролық қару сияқты қауіп төндірмейді. Ресей мен АҚШ-тың қоры қысқарып, Қазақстан ядросыз аймақ болып жарияланды. Алайда аталған қарудың жер бетіндегі қоры адамзатты жойып жіберуге жетеді. Осы тұрғыда Қазақстанның ядролық қаруға қарсы саясат ұстанатыны қуантады және оны іспен дәлелдеп келеді. Ал атомның кез келген түрі адамзаттың игілігі үшін қолданылуы тиіс.