Қырғызстанда түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің саммиті өтуде

Нұрсұлтан Назарбаев түркі тілдес мемлекеттер кеңесінің алтыншы отырысында елдер арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің бастамаларын атап берді. Саммит Ыстықкөл жағалауындағы Шолпан-Ата қаласында өтіп жатыр. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия президенттері және Венгрия премьер-министрі қатысуда. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, мемлекеттердің транзиттік әлеуетін пайдалану мен тарифтік саясатты оңайлату қажеттігін атап өтті. Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану керектігіне зер салды. Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының сәтті өткізілгенін де атап өтіп, осы тәжірибені Түркі кеңесі мемлекеттерінде де өткізуді ұсынды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысыныа инвестиция құюды ұсынды. Өйткені бұл аймақ түркі әлемінің орталығында орналасқан. Қазақстан президентінің тағы бір ұсынған бастамасы – Кеңеске мүше елдер арасындағы жастардың қарым-қатынасын күшейту және мемлекеттердің мәдениеті мен әдет-ғұрыптары, көрікті жерлерімен танысуға саяхат жасау.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

- Бүгінгі күнгі әлемдегі геосаяси және геоэкономикалық ахуал біршама өзгерді. Әлемдік экономиканың дамуында тұрақтылық болмай, халықаралық қатынастар шиеленісе түсті. Оның себептері де белгілі. Атап айтсақ: санкция, сауда бәсекелестік, тауарлар биржасы, қаржы нарықтары, құбылмалы инвестицияның азаюы. Қауіпсіздік саласында қатерлер де күшеюде. Олар: терроризм, діни экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, заңсыз миграция және есірткі тасымалы. Аталған сын-тегеуріндер түркі дүниесінде әсер етпей қоймайды. Сондықтан мұның барлығы кешенді іс-әрекеттерді қолға алуымызды талап етеді. Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық күш-жігерді жұмылдырып, өзара даму үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.