Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының картасы әзірленді

Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының картасы әзірленді. Осы ретте алдағы уақытта ел экономикасы шамамен 4,5-5%-ға дейін өседі деп жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейін 46 100 АҚШ долларына дейін өсіруді қамтамасыз етеді.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

- Осыған байланысты 30 дамыған елдің қатарына кіру жолындағы прогресті өлшеу үшін және қойылған мақсаттарға жету үшін халықтың өмір сүру сапасын және экономиканың даму сапасын көрсететін түйінді ұлттық индикаторлар көзделді. Түйінді ұлттық индикаторлар14 салаға бөлінген және халықаралық рейтингтерді қоса алғанда 37 индикаторларды қамтиды.

Қазақстан экономикасын әртараптандырудың қозғаушы күші жеке сектор бола алады. Технологиялық даму, инновация мен инвестиция осы салаға бағытталуы керек. Азия даму банкінің жетекші экономисі Киёши Танигучи осындай пікірде. Маманның айтуынша, қолға алынған реформаларды жүйелі іске асырса, жоғарғы экономикалық өсімге қол жеткізуге мүмкіндік туады. Бұл ретте халықаралық ұйым қолдау білдіруге дайын. Айта кетейік, Азия даму банкі 1994 жылдан бері еліміздің  5 млрд АҚШ долларынан астам сомадағы қарызын және кепілдігін мақұлдады. 

КИЁШИ ТАНИГУЧИ АЗИЯ ДАМУ БАНКІНІҢ ЖЕТЕКШІ ЭКОНОМИСІ:

- Экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі салалар ол инновация мен технологиялық даму. Ол үшін мемлекет осы салаларға көптеп инвестиция тарту үшін  қажетті жағдай жасауы керек. Мұндай инвестициялар көбіне жеке сектор тарапынан құйылады. Бұл ретте олардың жұмысына қолайлы болатындай саясат жүргізу қажет. Әсіресе, талай жылдан бері мұнай мен газ  секторына тәуелді болып келген Қазақстан экономикасын әртараптандыру маңызды.