Сарапшылар Каспий конвенциясына қатысты пікір білдірді

Сарапшылар Каспий конвенциясына қатысты пікір білдірді

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жағалаудағы мемлекеттерге экономиканың түрлі салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Оңтүстік Кореядағы Ханьян университеті Азия-Тынық мұхиты ғылыми орталығының директоры Ом Гу Хо осындай ой білдірді. Сарапшының айтуынша, ресми құжат қабылданғанға дейін кен орындарын игеру мен құбыр құрылысына қатысты бес мемлекетте қиындықтар туындайтын. Ал Ақтаудағы кездесу республикалардың Каспий өңіріндегі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдап, кеме қатынасы мәселелерін шешуге дайын екендіктерін көрсетті, дейді ол. 

ОМ ГУ ХО, ХАНЬЯН УНИВЕРСИТЕТІ АЗИЯ-ТЫНЫҚ МҰХИТЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Конвенцияға қол қойылғаннан соң Каспий теңізінің мәртебесі арта түсті. Себебі Қашаған кен орны дамып, Түркіменстан және Қазақстаннан Түркияға мұнай желісін соғу мүмікндігі арта түсті.

Латвия парламентінің депутаттары болса, Ақтаудағы саммитте жағалаудағы бес мемлекеттің басшылары қол қойған Каспий теңізінің мәртебесін айқындайтын Конвенцияны тарихи маңызы жоғары құжат санайды. Пікірлерінше, ол Каспий маңы елдері арасындағы серіктестіктің нығаюына ықпал етеді.

СЕРГЕЙ ПОТАПКИН, ЛАТВИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Латвия Балтық маңы елдері саммитінің қатысушысы ретінде бұл Конвенцияның маңыздылығын жақсы түсінеді. Құжат барлық елдердің кемелденуіне негіз болады.  Инвестиция тарту, тұрақтылық, жалпы әр мемлекеттің қауіпсіз дамуына  ашылып отырған мүмкіндік деп ойлаймын.

АНДРЕЙ КЛЕМЕНТЬЕВ, ЛАТВИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Бейбітшілікті көздейтін шараның куәсі болу керемет. Елдердің саяси еркіндігін көрдік. Қабылданған құжат мемлекеттердің дамуына ықпал етеді. Құжатқа қол қойған елдер шын ниетімен үлкен жауапкершілікке қадам басты.