Каспий маңы елдері бекіре балықтардың популяциясын бірлесіп қалпына келтірмек

Каспий маңы елдері бекіре балықтардың популяциясын бірлесіп қалпына келтірмек

Каспий маңы елдері бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру үшін бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істемек. Мұндай мүмкіндік Ақтау саммитінен кейін пайда болды. Каспий теңiзiнiң құқықтық мәртебесi туралы конвенция ережелерiнiң бiр бөлiгi браконьерлiкпен күрес бағытында күш біріктіріп, жағалаудағы елдердiң ғылыми әлеуетін бiрлесе пайдалануға жол ашады.

НАРИМАН ЖҮНІСОВ, ҚР АШМ, ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Ең алдымен, біз ортақ келісім негізінде жұмыс істеуіміз қажет. Осы құқықтық мәртебе Каспий теңізіндегі браконьерлікпен бірігіп күресуге мүмкіндік береді. Біріккен іс-шаралар жоспарын жасақтап, іске тезірек кірісуіміз керек. Бұл жойылып бара жатқан бекіре тұқымдас балықтардың жылдам өсуіне жол ашады.

Соңғы он жыл ішінде Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтардың популяциясы он есе қысқарған. Балықтың бағалы түрлерін қалпына келтіру және сақтау үшін биылғы жылы қазақстандық фермерлер Орал мен Каспийге 7 млн дана бекіре шабақтарын жіберді. Ақсерке, шоқыр және бекіре тұқымын көбейту шаралары Иран, Ресей және Әзербайжанда да қабылданып жатыр.

ЕРБОЛАТ КАДИМОВ, ҚАЗБШҒЗИ АТЫРАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Жалпы Каспий маңы елдерінде 20-ға жуық бекіре шабағын өсіретін зауыт бар. Теңізге жіберілген балықтардың генетикалық тегін зерттеу арқылы біз оның қай елге тиесілі екенін анықтай аламыз.

Қазақстан президентінің Ақтаудағы саммитте көтерген бастамасын барлық бес мемлекеттің басшылары қолдап, Каспий теңізіндегі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Сарапшылардың айтуынша, заңды құжаттар шекарашылар мен балық инспекциясының қызметкерлеріне жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік береді.