Қазақстандық бітімгерлер полкі Ливанға барады

Қазақстандық бітімгерлер полкі Ливанға барады. Біздің 120 сарбаз Біріккен Ұлттар ұйымының миссиясы бойынша Таяу Шығысқа алдағы күзде аттанбақ. Қазір жауынгерлер Алматы маңындағы оқу-жаттығу полигонында қызу дайындықтан өтіп жатыр. Бітімгерлік миссияның жағдайларына тез бейімделу мақсатында полигонның аумағы сарбаздар қызмет атқаратын Ливандағыдай етіп жасалған. Ең бастысы, ұсақ-түйекке дейін жіті мән беріп, машық-дағдыларды мұқият пысықтап алу, дейді жауынгерлер.  

ҚАНАТ БІЛӘЛОВ, ІІ БІТІМГЕРЛЕР БӨЛІМШЕСІНІҢ КОМАНДИРІ: 

- Біз блок-бекетті, бақылау-өткізу бекетін ұйымдастыру, мобильді блок-пост, стационарлық блок пост құру, аумақты патрульдеу дағдыларын пысықтап жатырмыз. Мұның бәрі миссияны атқаруда қажет нормативтер.

Қазақстандық бітімгерлердің басты миссиясы - Ливан еліндегі тыныштықты сақтау, қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу, келеңсіз жағдайларды оқпен емес, келіссөзбен шешу.

СУХРАБ АППАЗОВ, ЛИВАНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БІТІМГЕРЛІК КОНТИНГЕНТ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

- Қаруды аса қауіпті жағдайда ғана қолдана аламыз. Бөлімшені, БҰҰ қызметкерлерін, нысандарын қорғау үшін ұйым жарғысының 6 тарауына сай әрекет етеміз.

Элиталық бөлімшеге қабылдау ережесі қатал. Мына бітімгерлік рота Қапшағайдағы әскери бөлімшенің базасында жасақталды. Іріктеуден сүрінгендер көп болды. Нәтижесінде үздік шыққан 120 сарбаз аймақтағы бейбітшілікті сақтауға үлес қосу үшін Ливанға аттанады.

АЙДОС НҰРЛЫБАЕВ, І БІТІМГЕРЛІК ВЗВОД СЕРЖАНТЫ:

- Іріктеу кезінде физикалық және психологиялық дайындығымызға қарады. Өйткені баратын елде лайықты қызмет атқаруға міндеттісің.

Қазақстандық жауынгерлердің бітімгершілік тәжірибесі бар. 90-шы жылдары қазақстандық контингент Тәжікстанда, ал 2000-шы жылдары Иракта қызмет атқарды. 2003-2008 жылдар аралығында «Қазбат» инженерлік-саперлік бөлімшесі Ирак аумағын миналардан тазартуға қатысты. 5 жылда сарбаздарымыз 4,5 млн мина мен жарылғыш заттарды зарарсындандырып, 7 мың текше метр суды тазартқан. Бұл жолы қазақстандық жауынгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік контингентінің құрамында Ливанда алты ай қызмет етеді.