Терроризммен күрес кодексі іске қосылмақ

Нью-Йоркте терроризмнен ада бейбіт әлемге қол жеткізу бойынша кодекс іске қосылмақ. Еске салсақ, маңызды құжат Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленген. Мемлекет басшысы Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблеясын жаһандық антитеррорлық коалиция құруға шақырған еді. Кодексті әзірлеу жұмысына әр елдің өкілдері мен контртерроризм саласындағы халықаралық сарапшылар тартылды. Қазақстан тарапы өңірлік топтармен келіссөз жүргізіп, барлық пікірлер мен ұсыныстарды тыңдап шықты. Кодекске үстіміздегі жылдың қыркүйек айында өтетін Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының 73-ші сессиясы аясындағы жалпысаяси пікірталас аптасында қол қойылады деп күтілуде. Атап өтерлігі, қазақстандық бастамаға АСЕАН елдері де қолдау білдіріп, қол қоюға дайын екендіктерін жеткізген.

СУХАЙМИ ТАЖУДДИН, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ МАЛАЙЗИЯ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІНІҢ КЕҢЕСШІ-ЕЛШІСІ:

- Терроризм әлемнің барлық елдеріне қауіп төндіріп тұр. Сол себепті онымен күрес жолында ортақ шешім қабылдап, біріккеніміз жөн. Қазақстандық бастама өте заманауи және мемлекеттерге осы мәселені саяси жолмен шешуге мүмкіндік береді. Бейбіт өмірге қол жеткізу кодексіне қол қойылған соң, жоспарланған барлық тармақ жүзеге асады деп ойлаймын. Қазақ елі ұсынған бұл халықаралық құжат серіктестікті жан-жақты қамтиды. Сол себепті Қазақстанға үлкен алғыс айтқым келеді. Осы жобаны соңына дейін жүзеге асыратындығымызға сенімім мол.