Ақтау саммитінің қорытындысы

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша Конвенцияны әзірлеудегі 20 жылдық жұмыстың нәтижесі жемісті. Құжаттың басты мәні – аймақтың тұрақтылық негізін қамтамасыз ету және су айдынының биоресурстарын сақтау. Айта кетерлігі, құжаттың ақырғы мәтінін Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері өткен жылдың желтоқсан айында бекіткен еді. 9 ай ішінде Конвенция қазақ, әзербайжан, түркмен, парсы және ағылшын тілдеріне аударылды. Оның ағылшын тіліндегі нұсқасы әр түрлі мәселелер туындаған жағдайға мәтінді түсіндіруге бейімделген әмбебап болып саналады.

СЕРГЕЙ ЛАВРОВ, РФ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Конвенция Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтап берді. Шешуші мәні міне, осында. Құжат судың делимитациясы сынды күрмеулі мәселелердің шешімін табуға негіз қалады. Атап айтқанда, аймақтық сулардың 15 мильдік аймағын, әр мемлекеттің 10 мильдік балық аулау аймағын есептеуде қолданылатын әдістер айқындалды.

Егер бұрын елдердің тек биоресурстарды сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларында ғана уағдаластығы болса, Ақтау саммитінде негізгі құжаттан басқа, ілеспе халықаралық құқықтық келісімдерге қол қойылды.  

ЗУЛЬФИЯ АМАНЖОЛОВА, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ ЕЛШІСІ:

 - Конфенция жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мысалы, осы кезге дейін теңіз бен оның маңын қорғау, биологиялық ресурстарды пайдалану ісінде 5 ел арасында бірлескен келісімдер жасалған еді. Ал Ақтау саммитінде бірнеше үкіметаралық құжат бекіді. Олардың үшеуі қауіпсіздік саласына қатысты. Каспийдің биоресурстарын ұтымды пайдалануда келісімге қол қойылды. Сонымен бірге теңізде балық аулау мәселелерін реттейтін үкіметаралық комиссия құрылды.

Бұдан бөлек сауда-экономикалық ынтымақтастық және көлік саласында да уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл 5 мемлекет арасында бизнес-құрылымдардың өзара іс-қимылын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан 2019 жылғы VI Каспий саммиті елдердің осы тектес ынтымақтастыққа дайындығы анықталады. Кезекті кездесу Түркменстанда өтеді.