Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі: Қазақстан тәжірибесімен бөлісуде

Қазақстан тиімді мемлекеттік қызмет моделін құрудағы тәжірибесін Орталық Азия елдерімен бөлісіп жатыр. Осы орайда Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері өзбекстандық әріптестеріне арнайы семинар өткізді. Айта кету керек, 1 жыл бұрын бұл білім ордасында жобалық менеджмент жүйесін дамыту орталығы ашылған. Мұнда халықаралық стандарттардың негізінде тренингтер өткізіледі. Бас-аяғы 4,5 мың мемлекеттік қызметкерді қамтитын орталықтың өңірлерде филиалдары да бар. Бүгінде еліміздің жобалық басқару әдісіне өзбекстандық мемлекеттік қызметкерлер қызығушылық танытып отыр.

ДИЛЬФУЗА РАХИМОВА, ӨЗБЕКСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Қазақстан мен Өзбекстан академияларының тығыз ынтымақтастығы шеңберінде ортақ меморандумға қол қойылды. Бізді қазақтардың мемлекеттік қызмет көрсету, жобалық офис құру жөнінде, жобалық менеджментті іс жүзінде қолдану бойынша тәжірибелері қызықтырады. Қазақтанда тәжірибелік жұмыс өте көп өткізілді.

ӘЛТАЙЫР АХМЕТОВ, МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-РЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі таңда академия жобалық басқару әлеуеті мен құзыреті саласында жоғары көрсеткішке ие. Қазіргі уақытта өзбекстандық әріптестерден басқа, Ресей, Татарстан және өзге де елдердің Мемлекеттік басқару академиялары қызығушылық танытып, елімізге басқа да делегациялар келеді деп жоспарлануда.