Британ сарапшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөнінде

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындаған конвенция жөнінде британ сарапшылары пікір білдіруде. «The London post» газетінің бас редакторы Шахид Куреши маңызды құжаттың арқасында қауіпсіздік мәселесі жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айтады. Ол аймаққа қатысы жоқ ірі мемлекеттердің қарулы күштері келісімге сәйкес, Каспий теңізінде еркін әрекет ете алмайтындығын қолдайтындығын баяндады. Бұл конвенция бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда өте өзекті, дейді британиялық журналист.

ШАХИД КУРЕШИ, THE LONDON POST ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ:

 - Менің түсінігімде биологиялық ресурстарды сақтап қалуға жете мән берілуі тиіс. Өйткені кейін оларды қорғап қалу қиынға соғады. Конвенция жөнінде айтқанда дәл осы мәселеге жете мән берілгені ерекше әсер етті. Демек келісімнің берері мол деуге негіз. Сонымен қатар құжаттың қазіргі кезде төнуі мүмкін қауіп-қатерлерге төтеп беріп, төтенше жағдайларды алдын-алуға және жоюға бағытталғандығы көңілден шығады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерреш халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етудің басты кепілі – аймақтық ықпалдастықты дамыту екенін айтты. Ақтаудағы бестіктің уағдаластығы – дүниежүзілік қауымдастыққа бейбітшілік пен келісім қалыптастыру турасында зор мысал екенін жеткізді. «Каспий бестігінің» конвенциясы теңіз жағалауындағы мемлекеттердің көптен бері шешілмей жүрген кең ауқымды мәселелерін реттеп, дау туған тұстарға нақты нүкте қою мүмкіндігін берді. Бұл біріншіден, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы зор қадам. Сондықтан ұзақ келіссөздер нәтижесінде бір ізді уағдаластыққа келген 5 ел көшбасшылары мен халқын осынау тарихи құжаттың қабылдануымен құттықтаймын», деп мәлім етті Гутерреш.