Сарапшылар: Конвенция су қоймасын пайдаланатын елдер үшін саяси тұрғыда тиімді

Каспийдің мәртебесі жайлы Конвенция елдер арасында өзара серіктестікті арттыра түспек. Ақтауда қабылданған тарихи құжат су қоймасын пайдаланатын елдер үшін саяси әрі экономикалық тұрғыда тиімді, дейді әзербайжандық сарапшылар. Олардың айтуынша, құжат бірқатар сала бойынша маңызды мәселелерді шешуге септігін тигізбек.

ЭЛЬХАН АЛЕСКЕРОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

-  Дипломаттардың тілінде бұл келісімді «win-win» деп атайды. Яғни бес тарап үшін де тиімді құжат бекіді. Барлық сұрақтар жақын арада шешімін табатынына сенімдімін. Олардың қатарында су астын бөлу мәселесі де бар. Сондай-ақ энергетикалық жобалар да жүзеге асуы ықтимал. Бұның барлығы Қазақстанда бекітілген құжатта толығымен қамтылған.

Қатысушы елдердің келесі қадамы – Конвенциядан туындайтын сұрақтарды оңтайлы шешу. Ең алдымен, ұлттық секторды анықтап алу көзделіп отыр. Содан соң, экология мен әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған энергетика және көліктік жобалар бойынша серіктестік орнату жоспарда бар.

ФАРХАД МАМЕДОВ, ӘЗІРБАЙЖАН ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қол қойылған құжат елдер арасындағы серіктестікті нығайта түсуге сеп болады. Бүгінде Каспий маңы елдері арасында бар жобалар тек дами бермек. Оның қатарында құбырлар жобасы мен жүк тасымалын арттыруда бар. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып кеткендей Каспий сенім мен бейбітшіліктің теңізі болмақ. 

Қабылданған құжат тараптардың серіктестікті дамытуға мүдделі екендігін дәлелдейді. Сарапшылардың айтуынша, ол экономика, саяси және әскери саланы қамтиды. Бастысы бұл келісім ынтымақтастықтың жаңа әрі тиімді кезеңі болары сөзсіз.