Каспий Конвенциясы: Транзиттік тасымалдар үшін бірыңғай тарифтер

Каспий өңірі тасымалдаушылар үшін бірыңғай өтпелі тарифтері бар ірі халықаралық көліктік-логистикалық торапқа айналады. Қазірдің өзінде 5 ел үкіметтерінің өкілдері ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Шартқа сәйкес, Каспий бестігінде тепе-тең жағдай қарастырылған. Сонымен қатар тарифтер қазіргі белгіленген мөлшерден біршама төмен болады. Айта кету керек, визалық және кедендік рәсімдерді жеңілдету, жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқарту мәселелері ұзақ уақыт шешімін таппай келген еді. Кезінде әр порт шетелдік компаниялар үшін тарифтерді өздері белгілейтін.

ГҮЛШАТ ДӘУЕШОВА, ҚР ИДМ КӨЛІК КОМИТЕТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

 - Кейінірек, әрине, жүктерді тасымалдауға арналған тарифтер төмендетіледі. Бұл өте тиімді, өйткені порттағы алымдар барлық тарифтің 40 пайызын құрайды. Осы келісімнен 5 мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Сонымен бірге бұл келісім транзиттік тасымалдардың дамауына да әсер етеді.

Өткен жылы Қазақстанның Каспий маңы елдерімен жүк айналымының жалпы көлемі 100 млн тоннадан асты. 2018 жылғы алғашқы жартыжылдықтың өзінде 60 млн тонна жүк өткізілген. Сарапшылардың айтуынша, мұндай көлемлер қауіпсіздік мәселесін назарда ұстауды талап етеді. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияда осы мәселеге ерекше көңіл бөлінеді.

САНАТ КӨШКІМБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Осы Конвенцияның негізінде тек Каспий маңы мемлекеттерінің ғана әскери-саяси белсенділік жүргізуге құқығы бар. Аймаққа кірмейтін елдерде мұндай құқығы болмайды. Осылайша Каспий бестігі өз мүдделерін белгілеп, айқындап алды. Маңызды аспектілердің бірі – Каспий түбін сектор қағидасы негізінде бөлу. Яғни, әрбір секторда теңіз маңы мемлекеттері эксклюзивті экономикалық және шаруашылық қызметін жүргізеді.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы транзиттен Қазақстан Қытайдан Еуропаға жылына 5 млрд теңге табыс табуға ниетті.