Каспий конвенциясының қабылдануы: Сарапшы пікірі

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның қабылдануы аймаққа тартылатын инвестиция көлемін арттырады. Сарапшылардың пікірінше, ендігі жерде шетелдік инвесторлар өңірде ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға ұмтылады. «Әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай және газ ресурстарын игеру, экологиялық талаптарға сай магистральді құбырлар салу бағытында заманауи жобалар қолға алынады», - дейді сарапшы.    

АЙЖАН МҰҚЫШБАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

 - Қаспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталмаған кезде инвесторлар келуінде күмән болатын. Себебі болашақта сол Қаспий теңізінің аумағындағы 5 елдің арасында қандай-да бір келіспеушіліктер туындауы мүмкін, соның нәтижесінде олардың салған инвестициясы, жобалары жүзеге аспай қалуы мүмкін деген күмән болатын. Ал қазіргі уақытта нақты Каспий теңізінің конституциясы қабылданды десек болады. Енді инвесторлар келген кезде олар сеніммен әрі қарай ірі жобаларды жүзеге асыра алады. Себебі әр елдің территориясы нақты анықталды.

Теңіз мәртебесінің анықталуы өңірде туризм саласының дамуына да ықпал етеді. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Руслан Ізімовтың айтуынша, тартымды әрі тиімді бастама қолға алынса, туристер Каспий теңізіне саяхат жасап, бірден 5 елді аралап шығады. Ақтау маңы ғана емес, Әзербайжан, Иран, Түркменстан және Ресей жеріне барып, бір сапар шеңберінде бірнеше елдің мәдениетімен танысады.

РУСЛАН ІЗІМОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЭСИ САРАПШЫСЫ:

-  Бұл жоба ел азаматтарымен қатар Еуропа елдерінің туристері үшін өте тиімді. Каспий теңізіне саяхат жасау арқылы 5 мемлекетті аралап шығу көпшіліктің қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Біздің елде ішкі туризм де қарқынды дамиды. Туристер Ақтауға келіп, Қазақстанның құрлықтық бөлігін көру мүмкіндігіне ие болады.