Каспий теңізі: Сарапшылар пікірі

Каспий теңізі – көпшілік назарында. Сарапшылардың пікірінше, аймақ үлкен ресурстық мүмкіндіктерін айтпағанда, халықаралық көлік дәліздерін байланыстырушы буынға айналып келеді және құрлықаралық байланыстар жүйесінде де маңызды рөл атқарады.  Теңіз жағалауында орналасқан барлық 5 мемлекет өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Сонымен қатар серіктестіктің өзге аспектілері де назардан тыс қалмайды, дейді сарапшылар.

АЙГҮЛ ДЕМЕУОВА, «ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ АКАДЕМИЯСЫ» АЙМАҚТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ақтау саммиті Қазақстан үшін өте жақсы жарнама. Сонымен бірге Маңғыстау өңіріне инвесторлар тартуда да үлкен үлес қоспақ. Себебі инвесторлар олардың құқықтары қорғалған, барлық ережелер қатаң сақталатын жерге ғана капитал құяды.

Каспий теңізінде биологиялық және су тепе-теңдігін сақтау. Бұл жұмысты Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан және Иран елдері бірлесе атқармақ. Бүгінде биологиялық қорды сақтау – өзекті бағыттардың бірі. Барлық мемлекеттер су айдынының стратегиялық маңыздылығына сай іс-қимыл атқаруға мүдделі, дейді мамандар.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ ҚОРЫ ЖАНЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Каспий теңізі ерекше. Бекіре тұқымдас балықтардың 90 пайызы сонда шоғырланған. Сондықтан онда экологиялық режимді бұзбау өте маңызды. Жылда әрбір ел браконьерлермен күрес жұмыстарын жүргізіп тұрады. Бірлескен операциялар да бар.