Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығы

Каспий маңы мемлекеттері өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Бүгінгі таңда Иран, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан елдерін Қазақстанмен тығыз экономикалық қарым-қатынастар байланыстырады. Мысалы, тек биылғы жылдың 5 айында Маңғыстау облысы мен Ресейдің жақын жатқан өңірлері арасында 52 млн доллардың сауда-саттығы жасалған. Аймақта көрші ел капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 300 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.

НҰРӘДІЛ ИМАНҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ИИД БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

 - Соңғы 3 жылда Каспий аймағы мемлекеттерімен алыс-беріс көлемі артқан. Өсім көрсеткіші 33 пайыз көлемінде.  Егер 2015 жылы жалпы тауар айналымы 165,8 млн долларды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 220,5 млн долларға дейін өскен.  Осы тауар айналымында Ресейдің үлесі басым. Иранмен де алыс-беріс жағы жақсы. Біз оларға машина жасау, металлургия салаларының өнімдерін экспорттаймыз. Ал Ираннан ауылшаруашылық  тауарлары тасымалданады.

Сонымен бірге Маңғыстау облысы Әзербайжан инвесторларымен де тығыз ынтымақтастықта. Өңірде бірлескен 186 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өндіріс және логистика орталығы – солардың бірі. Азық-түліктің үлкен қорын жинақтаған бұл кешеннің Маңғыстау өңірінде баламасы жоқ. Ғимараттың жалпы аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Әзербайжандық инвесторлар бұл жобаға 4,5 млрд теңге қаржы жұмсаған. Осы елдің іскерлері сондай-ақ,  «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағына  9 млрд теңгеден астам инвестиция салды. Сұндағы электр трансформаторлары мен желілерін шығаратын зауыт құрылысы осы жылдың соңына дейін қолданысқа берілетін болады.

ЖАРАСҚАН ҚАБИЕВ, «АҚТАУ ТЕҢІЗ ПОРТЫ» АЭА ИНВЕСТОРЛАРМЕН ЖҰМЫС БОЙЫНША БАС МЕНЕДЖЕРІ:

-  Қазіргі таңда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында 27 кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде Каспий елдерінің 2 кәсіпорны бар. Олар корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан босатылады. Осы тұрғыдан әзербайжандық инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Сол себепті өңірге көптеп инвестиция тартылатын болады.

Түрікменстан бизнесмендерімен де өзара іс-қимыл белсенді. Биыл көктемде маңғыстаулық іскерлер делегациясы осы Орталық Азия мемлекетіне барып қайтты. Іскерлік кездесуде қос тарап машина жасау кәсіпорындары тауарларының, жеңіл өнеркәсіп және құрылыс материалдарының экспорты бойынша ұсыныстарын ортаға салды.