Қазақстан-БАӘ сауда қатынастары

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің сауда-экономикалық ынтымақтастығы жылдан жылға дамып келеді. Іскерлер қауымдастығы бұрыннан қалыптасқан байланыстарды нығайтып қана қоймай, түрлі салаларда жаңа әріптестермен табуда. Осы мақсатта 14-15 тамыз күндері Дубайда Қазақстанның ресми сауда-экономикалық миссиясы өтеді. Бұл туралы еліміздің Сыртқы сауда палатасы хабарлап отыр. Біріккен Араб Әмірліктері біздің елмен инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, энергетика, білім және мәдениет салаларында екіжақты ынтымақтастықты барынша дамытуға мүдделі. 2017 жылы қос тараптың тауар айналымы 643 млн долларды құраған. Бұл алдынғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Соның ішінде экспорт – 558,7 млн, импорт 84,3 млн долларды құраған. Араб Әмірліктері Қазақстанның экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін көптеп импорттайды. Бұл бірінші кезекте, дәнді дақылдар, ет өнімдері, өсімдік майы және бал. Дубайға сауда миссиясы барысында қазақстандық ірі өндірушілер таяушығыстық нарыққа өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік алады.