Қазақстан – шетелдік журналистер көзімен

Заманауи Қазақстан қандай? Бұл сауалға шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өз көзқарастарын ұсынды. Сыртқы істер министрлігінде бесінші дәстүрлі «Қазақстан – шетелдік БАҚ көзімен» атты байқау қорытындыланды. 80 жұмыстың ішінен 5 іріктелініп алынған. Ол мақалаларда шетелдік журналистер қазақстандық саясат, экономика және қоғам өміріне байланысты өз көзқарастарын жеткізуге тырысыпты. Биыл байқауда АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Үндістан мен өзбекстандық қатысушылар жеңімпаз атанды. Ерекшеленгендерді байқау ұйымдастырушылары елімізде қарсы алды. Жеңімпаздар Алматы, Астана қалалары мен Бурабай курортында болды. Олар өз жұмыстарына түрлі тақырыпты таңдаған. Мәселен, байқау жеңімпазы Улыгбек Шоназаров өз мақаласында Орталық Азия елдерінің бірлігі жайлы қалам тербеген.

УЛУГБЕК ШОНАЗАРОВ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ, ӨЗБЕКСТАН:

-  Көршілес Орталық Азия елдерімен жақсы қарым-қатынас орнату – Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстанмен үнемі екіжақты әріптестікті жүзеге асырдық. Бұған биылғы жылдың Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жариялануы дәлел деп ойлаймын.

Америкалық Форбс журналисі Александр Липовцев өз материалында Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері жеткен жетістіктеріне назар аударған. Ол еліміздің жаһандық өзгерістерді жүзеге асырғандығы жайлы жазыпты. 

АЛЕКСАНДР ЛИПОВЦЕВ, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ, АҚШ:

 - Қазақстан қарқынды дамып келеді. Менің Америкаға көшкеніме өте көп уақыт болды. Сондықтан Астана мен үшін мүлдем жаңа қала. Бұл шаһарды турист сияқты араламақпын. Мен қараша айында мұнда медиа турға келген болатынмын. Таңғалғанымды жасыра алмаймын.