Қазақстан мен Үндістан әріптестігі

Қазақстан мен Үндістан екіжақты әріптестік салаларын кеңейтпек. Былтыр 2 мемлекет арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Бұл туралы Астанада қос ел сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуінде айтылды. Тараптар көрсеткіштерді жақсарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты. Олар, әсіресе, көлік-логистика саласындағы әріптестікті нығайтпақ. Үнді мұхитына шығатын Қазақстан-Түркіменстан Иран темір жол әлеуетін қолдану жоспарлануда.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Біз экономикадан бастап, мәдени-гуманитарлық салаларға дейін  әріптестік орнатып отырмыз. Зор әлеуеті бар Үндістанның Қазақстанға ерекше қызығушылығы қуантады. Мәселен, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі мен Жасыл технологиялар мен инвестициялар жобаларының халықаралық орталығы бар. Сондай-ақ Үндістан астаналық IT-стартаптар хабымен жұмыс жасауға ниетті. Бұл жобалар екіжақты әріптестікті нығайта түседі.

СУШМА СВАРАДЖ, ҮНДІСТАННЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Үндістан мен Қазақстан қарым-қатынасы тарихи және мәдени байланыстарға негізделген. Елдеріміз стратегиялық серіктер болып табылады. Біз ауыл шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібі, фармацевтика және энергетика салаларындағы әріптестікті дамыту жайын талқыладық. Туризмге көңіл бөлу мәселесіне де тоқталдық.

Мұнымен қоса, көпжақты әріптестіктің маңызды жобалары ретінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағы жайлы Келісім жасау болып отыр. Келіссөздер басталып та кетті.