Бразилия Астана тәжірибесін пайдалануда

Бразилия астанасы Қазақстанның ірі қалаларының даму тәжірибесін үйренуге дайын. Латынамерикалық мемлекет, ең алдымен, Астананы үлгіге алмақ. Бразилиядағы Қазақстан елшілігінде Астананың 20 жылдық мерейтойына орай салтанатты жиын өтті. Шараға қатысушылар өзекті мәселелердің бірпарасын талқылады.

МАРСЕЛО БОРГЕС, ҒЫЛЫМ, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:  

 - Бразилианың жасы Астанадан сәл ғана үлкен. Бірақ тарихи тұрғыдан екі шаһар да жас. Дегенмен аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Осы тәжірибенің қыр-сырын біліп үйрену үшін ірі компаниялар мен мекемелердің өкілдері жиналып отыр. Мұнда Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері ғана емес, BioTIC, Embrapa, ASTEPS секілді алыптардың да өкілдері бар. Бұл біздің Астананы қаншалықты құрметтейтінімізді және онымен жұмыс істеуге дайын екенімізді көрсетеді.

Басқосуда тараптар екі астананың қарым-қатынасына негіз қалап қана қоймай, «ақылды технологиялар» саласында ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың жолдарын іздестіруге уағдаласты. Сонымен қатар  қос мемлекет те экономика, білім, мәдениет және инновация саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды мақсат етіп отыр.

ҚАЙРАТ САРЖАНОВ, ҚР-НЫҢ БРАЗИЛИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

-  Қазір астана еліміздің символы мен мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік бастамаларын жүзеге асырудың жемісті платформасына айналып, халықаралық дипломатия орталығы ретінде ролін нығайтуда. Жаңа технологиялар мен экономиканы цифрландыру заманында ақылды қалалар моделіне көшу тіпті өзекті. Ал Астана осы тұжырымдаманың Қазақстандағы үлгісі болып саналады.

Салтанатты шараға қатысушылардың көбі – Қазақстанға келіп, Астананың мерейтойын өз көзімен көріп қайтқандар. Олардың барлығы еліміздің бас қаласының қарқынды дамуы мен халықтың қонақжайлылығына тәнті болғандарын жасырмады. Сондай-ақ қатысушыларға «Астана – бейбітшілік қаласы» фильмі көрсетіліп, Қазақстан астанасының сәулеттік ерекшеліктері мен көрікті жерлері туралы таныстырылым ұсынылды.