Қазақстан-Әзербайжан: Туристік әлеует - Kazakh TV

Қазақстан Әзербайжанмен туристік саладағы серіктестікті нығайта түспек. Көрші елден елімізге негізінен іскерлік мақсатта келушілер көп. Алдағы уақытта Әзербайжан мемлекеттік агенттігі қатынау құралдарының түрлерін арттырып, туристік ағын қатарын қалыңдатпақ ниетте. Оның ішінде теңіз бағытын іске қосып, Ұлы Жібек жолының әлеуетін қолдану жоспарланып отыр.

КЯНАН ГУЛУЗАДЕ, МЕМЛЕКЕТТІК ТУРИСТІК АГЕНТТІКТІҢ ӨКІЛІ:

 - Қазақстанға барып жатқан әзербайжандықтар көп. Біздің бақылауымыз бойынша, олардың басым бөлігі іскерлік бағыттағы сапарлар. Және олар Ақтау, Алматы, Астана қалаларын таңдайды екен.

МУЗАФФАР АГАКЕРИМОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ТУРИСТІК ҚАУЫМДАСТЫҒЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:

 - Қазақстанда әдемі нысандар мен қалалар көп. Сондай жерлердің бірі – Алматы қаласы. Ал Астана – XXI ғасырдың қаласы. Сондай-ақ Қазақстанда ауқымды халықаралық шаралар көп өтеді. Мысалы, ЭКСПО-2017 туристердің қызығушылығын тудырғаны анық. Яғни Қазақстаннан мәдени және қысқы туризмдерді ұсынамыз.

Әзербайжандықтарды Қазақстанның өзіндік түркі мәдениеті қызықтырады. Және олар мемлекеттің жас қалаларымен қатар ежелгі көрікті жерлерін көргісі келетіндіктерін жеткізді.

РЯВАН КАЗИМОВ, БАКУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Бала кезімнен Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда болуды армандап келемін. Маған көбіне қазақ елінің өзіндік мәдениеті, ұлттық киімі және тағамдары қызық. 

НУРАНА ИМАНОВА, БАКУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған Ақтау қаласының жағажайы ұнап жүр. Сол шаһардың жағалауына барып демалуды жоспарлап жүрмін.

Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы туристік бағытты дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінде жаңа әуе рейстерін ашу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Қазақстанның көрікті жерлері, ежелгі ескерткіштері, демалыс орындары жайлы ақпарлар санын арттыру қажет, дейді мамандар.   

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер