Қазақстан ЭЫДҰ-мен өзара тығыз қарым-қатынаста

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен өзара тығыз қарым-қатынаста. Республикада Ұйымның экономикалық стандарттары белсенді енгізілуде. Бұл Қазақстанның 30 дамыған ел қатарына қосылуға жол ашады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мамандары 1 жыл бойы ел аймақтардағы қоғамдық кеңестердің жұмысын саралап, олардың қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірледі. Айтуларынша, біздегі кеңестер қоғамның барлық саласына бірдей араласады. Ал бір адамның барлық мәселе бойынша кәсіби кеңес беруі мүмкін емес. «Сондықтан кеңестерді сала бойынша жіктеген жөн», – дейді мамандар.

ХИЛЛЕ ХИНСБЕРГ ЭЫДҰ САРАПШЫСЫ:

 - Біз, шын мәнінде заңды түрде жасалып отырған мүмкіндік екенін көрдік. Алайда жетілдіре түсуге болатын тұстары да бар. Қазақстандағы кеңестердің қамтитын мәселелері сан-түрлі. Әлемдік тәжірибеде кеңестер мамандандырылуы тиіс. Мысалы, денсаулық, құқық қорғау мәселелері бойынша сауалдарды бөлек кеңестер қарастырғаны жөн. Сол кезде жұмыс тиімді болады.

Салалық ведомство мамандарының айтуынша, сарапшылардың ұсыныстары «Қоғамдық кеңестер туралы» заң жобасының жаңа тұжырымдамасында ескерілетін болады. Қоғамдық кеңестер – халықтың мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекетінің жаңа үлгісі. Олар белсенді азаматтық ұстанымның индикаторы болып қана қоймай, сонымен қатар «ашық үкімет» қалыптастыруда маңызды роль атқарады. Бүгінде Қазақстанда қоғамның үнін жеткізуді көздейтін 230-ға жуық қоғамдық кеңес бар. Былтыр олар 9 мыңға тарта нормативті құжатқа сараптама жасаған.