Қазақстан-Франция қатынасы

Биыл Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына – 25 жыл, ал екіжақты стратегиялық әріптестікке – 10 жыл. Осынау маңызды оқиғаларға орай жыл соңына дейін Франция Президенті Эммануэль Макрон Астанаға ресми сапармен келуді жоспарлап отыр. Бұл 2 елдің ынтымақтастығына тың серпін береді, дейді сарапшылар.

ЮГ ФАНТУ, ФРАНЦИЯНЫҢ СІМ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан – соңғы 10 жыл ішіндегі Францияның сенімді стратегиялық әріптесі. Біз – екі елдің билігі жоғары деңгейдегі сапалы диалогқа қол жеткізген, барлық салада мызғымас ынтымақтастық орнатқан елміз.

Франция Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің арасында бесінші орында және Бесінші Республика компаниялары біздің еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың қатарына кіреді. Соңғы 5 жыл ішінде тартылған  капитал 14 милиард долларды құраса, мемлекеттер арасындағы тауарайналымы 43 миллиард долларға жеткен. Қазақстанда 170-ке жуық француз компаниялары жұмыс істейді.

ЭММАНУЭЛЬ ДЮПУИ, IPSЕ ИНСТИТУТЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /ПАРИЖ ҚАЛАСЫ/:

 - Франция мен оның компаниялары бүгінгі таңда тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ одан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Бұл еуразиялық интеграция мен ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асуда, өйткені Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мега-жобасындағы алғашқы ел. Сондай-ақ ол ЕЭО-тың, ШЫҰ-ның құрамына кіреді. Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі экономиканың дамуында жасыл энергетиканың маңызды рөл атқаратынын көрсетті.

Француз саясаткерлері мен бизнесмендері тұрақты, бизнеске қолайлы Астанамен энергетика, цифрландыру, мәдениет пен білім салаларында ынтымақтастық орнатуға мүдделі.