Бішкекте ШЫҰ мүше елдердің аудиторлар форумы өтті

Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің аудиторлар форумы өтті. Айта кету керек, бұл Қырғызстанның Ұйымға төрағалығы аясындағы алғашқы халықаралық іс-шара. Басқосуға сегіздік елдерінің қазына қаржысының жұмсалуын қадағалайтын есепшілері мен экономистері келіпті. Жалпы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің аудиторлары 2 жылда бір рет бас қосып, қаржы саласындағы келелі мәселелерді талқылайды.

ҰЛЫҚБЕК МАРИПОВ, ҚР ЕСЕП ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Осындай кездесулердің маңызы зор. Мысалы, өткен жылы біз Қазақстанмен бірге денсаулық сақтау министрлігіне, гемадиализ бен кардиологияға аудит жүргіздік. Қытаймен де бірігіп аудит өткіземіз. Бұл – мамандардың тәжірибе алмасуына қажет шара екені даусыз.

Қазақстан Есеп комитетінің басшысы Наталья Годунова Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында интеграциялық процестерді күшейту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Аудиттің жоғарғы органдары осы үрдіске өз үлесін қосуға міндетті дейді. Осы ретте Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында ведомстволардың ынтымақтастығы жыл сайын артып келеді.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, ҚР ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Ұйым аясында Қазақстан жобаларды қаржыландыруға және технологиялық ресурстарды жұмылдыруға бағытталған бірлескен механизмдерді құруды қолдайды. Сонымен қатар ол сауда-инвестициялық жобаларын жүзеге асыруда екіжақты деңгейден көпжақты деңгейге көшуді қамтамасыз етіп, инфрақұрылымдық мега-жобаларды іске асыруды көздейді.  

Сарапшылар  «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы туралы жаңалықты қуана қарсы алды. Ол ұйым қатарындағы барлық елдердің қаржы жүйелерін реттеп, өзара іс-қимылын жақсартуға сеп болады, дейді мамандар.