АХҚО: Сарапшылар пікірі

Қазақстан астанасында қызметі ағылшын құқығына негізделген халықаралық қаржы орталығының ашылуын әлем сарапшылары құптап отыр. Олар бұл тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге аймақтың инвестициялық әлеуетін әртараптандыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтады. 

ХАЙНЕР ХАРТВИХ, «СОNTROLCONCULT» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - «Астана» халықаралық қаржы орталығының даму тұжырымдамасын естігенде, аймақта ағылшын тілі қолданылатын қаржы орталығының ашылуына қатты қуандым. Себебі кейбір елдерде тіл түсініспеушілік мәселелері болып тұратыны белгілі. Сондықтан Астанада Батыс пен Шығысты үйлестіретін халықаралық қаржы орталығын ашу орынды және болашағы зор деп есептеймін.

МАРТИН ЭМХ, ШВЕЙЦАРИЯ КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Бұл табысты жоба болары сөзсіз! Ол үшін білікті мамандар жеткілікті. Мен қаржы, банк, инвестиция, несие салаларында және мемлекеттік пен жеке меншікті басқару жүйесінде қазақтың көптеген білімді  мамандарын танимын. Мұнда халықаралық құқық ережелеріне сәйкес жұмыс жүретіні айтылған. Бұл инвесторлардың қызығушылығын арттырады, себебі оларға заңға сүйенген инфрақұрылым қажет. Аймақтарыңызға осындай орталық  керек екені даусыз.

Американың бизнес өкілдері қазақстандық серіктестермен өзара тиімді ыңтымақтастықты кеңейту мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін толық пайдалануға ниетті. Ірі америкалық компания директоры, белгілі адвокат, бизнесмен және меценат Эдвард Мермельштейн қаржылық хаб арқасында жаңа инвесторлардың тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл аймаққа деген қызығушылықтары артады деп санайды.

ЭДВАРД МЕРМЕЛЬШТЕЙН, БИЗНЕСМЕН:

 - Орталықтың серіктестері Шанхай қор биржасы мен Nasdaq екені белгілі. Сол себепті де Қазақстан дамуының жаңа өрісі пайда болады. Америкалық компаниялар да түрлі транзакцияларға қатысып, АХҚО бүкіл әлем үшін есігін айқара ашады деп үміттенеміз. Орталық жұмысының құқықтық қыры, Ислам банкингінің принциптері көптеген инвесторлар тартуға сеп болады.