Елордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде ашылды. «Әлемдік деңгейде таныстырылған құрылым Қазақстан экономикасының тұрақты дамуының нәтижесі», - деді Елбасы. «Астана» қаржы орталығына қатысушылар аймақтың нарықтық капиталына енуге мүмкіндік алады, ал оның аясында құрылатын биржа бірегей сауда-саттық алаңына айналмақ. Бүгіннен бастап ол да ресми түрде іске қосылуы тиіс. Қазірдің өзінде онда жалпы активтер жиынтығы 34 миллиард долларды құрайтын жергілікті және шетелдік 14 брокер тіркелген. Тағы бір ерекшелігі, орталықта исламдық қаржыландыру жүйесі орнайды. «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми ашылу рәсіміне әлемнің 50-ге жуық елінің өкілдері қатысты. Олардың қатарында шет мемлекеттердің басшылары да бар. Салтанатты шара Қазақстан елордасының 20 жылдығына орайластырылды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Астана – еліміздегі барлық бастамалар мен оң өзгерістердің флагманы. Халықаралық қаржы орталығы соның айғағы.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру барысында әлемнің ең үздік тәжірибелері қолданылды. Халықаралық қатысушыларды тарту мақсатында мұнда посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ жағдай жасалды. Орталықтың құқықтық статусы конституциялық заңмен бекітілді, ал ресми тілі – ағылшын тілі. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларына 50 жылға дейін салықтық жеңілдіктер беріледі. Валюталық визалық және еңбек режимдері оңтайландырылды. Бұл – ағылшын құқығына негізделген өңірдегі жалғыз орталық. Тәуелсіз сот, халықаралық арбитраж орталығы барлық тараптардың тең құқықтылығын қамтамасыз етеді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығын Орталық Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағындағы қаржы хабына айналдыру міндеті тұр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер