Қазақстан мен Польшаның ынтымақтастығы

Польшаның Орталық Азия аумағындағы тауар айналымының 80% Қазақстанның үлесінде. Бүгінде еліміздің экономикасына поляк кәсіпкерлері 60 млн. доллар шамасында инвестиция құйған. Бұл туралы Қазақстанның аталмыш мемлекеттегі елшісі Марғұлан Баймұхан мәлімдеді. Қазіргі таңда ел аумағында түрлі салалар бойынша 219 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Дипломат, сондай-ақ тараптар бірлескен 3 ірі жобаны жүзеге асыруды көздеп отырғанын айтты. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін және трактор жинау зауытын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Екі елдің іскерлік өкілдері уағдаластыққа келсе жобаны іске асыруға биылдан бастап кіріспек. Екі жақты алыс беріс те дамып келеді. Биыл алғашқы тоқсанда ғана өзара сауда-саттық көлемі  былтырғы   осы мерзіммен салыстырғанда 63% -ға артқандығы байқалады. Бұл орайда бізден жеткізілетін экспорттың өсімі басым.

МАРҒҰЛАН БАЙМҰХАН, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ПОЛЬШАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Біз Польша нарығын саралап, ол елге не экспорттау тиімді екенін қарастырдық. Қазір Қазақстанда шығарылатын «Қайнар» аккумуляторлары Беларусь арқылы Польшаға сатылып жатыр. Бізге делдал керек емес. Өзіміз де тікелей экспорттай аламыз. Осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Екіншіден бізде өсетін дәрілік шөптер Польшада сұранысқа ие. Яғни оны да тасымалдау жағын қарастырып жатырмыз.

Сондай-ақ Марғұлан Баймұхан Астананың 20 жылдығы Польшаның бас қаласы Варшавада да тойланатынын тілге тиек етті. Шараға ортақтасатын Польшаның іскерлік топ өкілдері мен кәсіпкерлеріне Қазақстанның түрлі салалар бойынша бүгіні мен әлеуеті таныстырылып, екі жақты әріптестік көкжиегін кеңейте түсу жолдары қарастырылмақ.