Қазақстандық 120 жауынгер Ливандағы бітімгерлік миссияға қатысуға дайын

Қазақстандық 120 жауынгер Ливандағы бітімгерлік миссияға қатысуға дайын. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Ливанда әскерилеріміз үндістандық контингент құрамында қызмет етпек. Ол жайлы Үндістанмен меморандум бекітіліп жатыр. Миссияға аттанған әскери қызметкерлер жергілікті патрульдік шаралар, бақылау жазбаларын орнату және оқ атпау режимін сақтаумен айналыспақ.  БҰҰ әр жауынгерді қаржылай қамтамасыз етеді. Ал сарбаздардың денсаулығын жақсартуға Қазақстан да, халықаралық ұйым да қаржы бөледі.

ТАЛҒАТ МҰХТАРОВ, ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Бұл бастама БҰҰ Жарғысындағы 43 бабының мазмұнына сәйкес келеді. Ұйымға мүше мемлекеттер халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін қарулы күштерді басқа да көмекпен қызмет көрсетудің тиісті құралдарын беруге міндетті. Біздің ротаны аталған миссияға алдағы қараша айына дейін жіберуді жоспарлап отырмыз. Әр 6 ай сайын ротаның жауынгерлерін ауыстырып тұратын боламыз.

Сонымен қатар ведомство Пәкістан, Үндістан, Ливан, Батыс Сахара және Кипрде БҰҰ-ның миссияларына қатысатын әскери бақылаушылар мен штабтық офицерлер санын 40 адамға дейін арттырған. Ротацияға сай бітімгерлер ротасы әр 6 ай сайын алмастырылып тұрады.