Қазақстан-Чехия: Дипломатиялық қатынасқа – 25 жыл

Прагада Қазақстан мен Чехия екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қорытындылады. Айта кетелік, қос тарап экономиканың барлық салаларында – энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, логистика, және білім беруде өзара бірлесіп жұмыс жасайды. Тараптар екіжақты тиімді әріптестікті әрі қарай өрістете беруге мүдделі. Бүгінде біздің елде Чехиямен бірлескен 100 компания жұмыс істейді. Бұл туралы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған конференцияда айтылды.

СЕРЖАН ӘБДІКӘРІМОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЧЕХИЯДАҒЫ ӨКІЛЕТТІ ЖӘНЕ ТӨТЕНШЕ ЕЛШІСІ:

─ Қазақстанға тартылған чех инвестициясының көлемі шамамен 195 млн долларды құрады. Осындай экономикалық серіктестікте маңызды рөлді Қазақстан-Чехия үкіметаралық комиссиясы атқарады. 2014 жылы екі елдің сауда байланысы 1 млдр 200 млнға жеткен, бұл көрсеткіш әлемдік дағдарыс салдарынан 2015 және 2017 жылы кеміді. Дегенмен соңғы 2 жылда тауар айналымы 2 есе артып, 2017 жылы 730 млн долларды құрап отыр.

ФРАНТИШЕК МАСОПУСТ, ЧЕХИЯ САУДА-ӨНЕРКӘСІПТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ТМД ЕЛДЕРІ БОЙЫНША БАСШЫСЫ:

─ Қазақстан мен Чехия арасындағы серіктестік әлі де өз әлеуетін көрсете алмай отыр. Ең алдымен энергетика, инфраструктура, және ауыл шаруашылық саласындағы байланысты арттыра түсу қажет. Чехия баламалы қуат көздерін дамыту мен су ресурстары саласындағы мүмкіндігі мол мемлекет.

Шығыс Еуропаның ең танымал саясаткерлерінің бірі – Жәмила Стехликова атап өткендей,  2 ел арасындағы жарты ғасырға жуық достық серіктестікте,  сенімді саяси диалог құрылып, шарттық-құқықтық база кеңейтілген.

ЖӘМИЛЯ СТЕХЛИКОВА, ЧЕХИЯНЫҢ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ЭКС-МИНИСТРІ:

─ Адам құқықтары, оның ішінде аз ұлт өкілдерінің құқықтарын қорғауда Қазақстанның Конституциясы әлемдегі ең озық заң үлгісі болып табылады. Және осы салада Чехиямен ынтымақтастық өте маңызды. Айта кету керек, өзге ұлт өкілдерін діні мен тілі үшін алаламау  және  ауызбіршілік мәселесінде Чехия Қазақстанға үлгі болып келеді.

ФИЛИП ВОЙТЕХ, ЧЕХИЯ ПАРЛАМЕНТІ ДЕПУТАТТАР ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

─ Қазақстанды алдымен дос ел деп білеміз. Еуропа және Азия арасындағы ықпалдастықты арттыру жолында жұмысымыз жалғасады. Біз Қазақ елінің халықаралық аренада айтылған ұстанымдарын толық қолдайтын елміз. Қазақстан – бейбітсүйгіш ел, ядролық қаруға қарсы ел.

Сондай-ақ елшіліктегі кездесу аясында 2 елдің стратегиялық әріптестігі туралы чех тіліндегі жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Еңбекте азиялық және еуропалық елдердің даму кезеңдерінде маңызды оқиғалар топтастырылған. Сонымен бірге екі елдің эконимикалық, сауда және мәдени байланысына арналған деректі фильм де көпшілік назарына ұсынылды.