ШЫҰ саммиті: Сарапшылар пікірі

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының дамуындағы жаңа кезең. Құрылым биылғы жылдан бастап толыққанды «Еуразиялық үлкен сегіздікке» айналды. Мүше-мемлекеттер қатарын Азиядағы екі алып – Үндістан мен Пәкістан толықтырды. Сарапшылардың айтуынша, ең ірі аймақтық ұйым ретінде «Шанхай сегіздігінің» жаһандық экономикалық саясатқа және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне ықпалы артады. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның ұсынған жаһандық бастамаларына мемлекеттер бірауыздан қолдау білдірді. Сарапшылардың айтуынша, бұл біздің республикаға деген жоғары сенімнің белгісі.

ДАВИТ ИРГА ВОЛДЕГЕРИМА, БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ЭФИОПИЯ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛДІГІНІҢ САЯСИ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:

 - Біз лаңкестікпен күреске қатысты кездесу ұйымдастырғаны үшін Қазақстанға алғыс айтқымыз келеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде қазақ елі маңызды рөл атқарады. Сіздер лаңкестікктен азат әлемге қол жеткізу Кодексін әзірлеу бойынша бастаманы кезең-кезеңмен ұсынып келесіздер. Дәл осы уақытта біздің мүшелігіміз тұспа-тұс келгендігіне қуаныштымыз. Екі жақты серіктестігіміз ұзағынан болсын. Қазақстанның бастамаларына тек сәттілік тілейміз!

ШЫҰ-ға қатысушы-елдердің өзара ынтымақтастығы көлік-логистика саласында да жаңа деңгейге көтерілді. Мемлекеттер Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен өңірлік интеграциялық жобаларды, соның ішінде, бірінші кезекте Еуразиялық экономикалық одақпен тоғыстыру бағытында жұмыс жүргізуде. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы да маңызды мәселелерді шешуші алаңдардың бірі бола алады, дейді сарапшылар.

ЮРИЙ ТАВРОВСКИЙ, ШЫҒЫСТАНУШЫ:

 - Расымен бұл Петербургке дейін созылған теміржол немесе тас төселген жол ғана емес. Бұл жаңа қала, зауыт, институттар мен музейлер салынып жатқан жаңа белдеу. Қазақ елі әдеттегідей идея қозғаушысы рөлінде. Қазақстан Президентінің Қытайға сапары мемлекеттің жобадағы маңызды рөлін айқындай түсті. Мемлекет өзінің ұлттық мүддесін бірінші орынға қоятын салиқалы саясатының арқасында жеңіске жетіп келеді. Бұл - «Нұрлы жол» жобасы аясында Каспийге қарай салынған теміржол,  Қазақстан қатысып отырған Танап жобасы және өзге де жобалар. Яғни, Қазақстан қазір басымдыққа ие болып, пайдаға кенеліп отыр.

Неміс саясаттанушылары Қазақстан Президентінің Қытайға жасаған сапарының нәтижесін жоғары бағалап отыр. Маттиас Дорнфельд Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин  бағыты бойынша Еуразиялық жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы жобасын іске асыру туралы бастамасының маңыздылығын атап өтті.

МАТТИАС ДОРНФЕЛЬДТ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары табысты болды деп ойлаймын. Көптеген жобалар бойынша келісімдер жасалды. Қазақстан қаржы тартып, жұмыс орындарын ашуға қабілетті. Бұл осы елдің дамуына өте тиімді болмақ. Басқа елдер Қазақстанға одан да көп инвестиция салуға мүдделі болады. Менің ойымша, ең маңыздысы – көлік секторындағы ынтымақтастық. Қазақстанның логистикалық әлеуеті зор, өйткені сіздер арқылы Жаңа Жібек жолы өтеді. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың инфрақұрылым мен көлік жолдарын дамыту туралы бастамасы стратегиялық тұрғыда маңызды. Көптеген неміс саясаттанушылары Қазақстанның аймақтағы ірі транзиттік хаб болатынын айтып жатыр.