Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы

Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың аспан асты еліне мемлекеттік сапары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтар негіз болып отыр. Қазақстан үшін Қытай маңызды сауда-экономикалық әріптес. Бүгінде Халық Республикасы отандық тауарларды ірі импорттаушылардың бестігіне кіреді. Бейжіңдегі келіссөздерде көтерілген тақырыптардың бірі – фитосанитарлық және ветеринарлық нормаларда бірыңғай стандарттарды енгізу. Сарапшылардың пікірі бойынша, бұл шешім Қытайға жеткізілетін ауылшаруашылық тауарларының көлемін ұлғайтуға сеп болмақ. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, аспан асты еліне 180 млн доллардың агроөнімдері экспортталған.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ САЯСАТ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

 - Қытай нарығында органикалық ауылшаруашылық өнімдеріне үлкен сұраныс бар. Біз сапалы ет пен өзге де агротауарларды жеткізе отырып, олардың сол сұраныстарын қанағаттандыра аламыз. Қытайлық тарап сапасына сай бағаға келісіп отыр.

Қос тарап химия, машина жасау және энергетика салаларында  инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жоғары деңгейде келісім жасасты. Қазақ елі Қытайға бұған дейін таза бидайды экспорттаса, енді оны терең өңдеу бойынша бірлескен кәсіпорын ашпақ. Дәнді дақылдан инновациялық полимер материалдар, пластик алынатын болады. Жобаға 2,5 миллиард долларға жуық инвестиция тартылады.

ЛЮ СЮ, CATHAY INDUSTRIAL BIOTECH, LTD БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

 - Біз ең озық технологияларды пайдалануды жоспарлап отырмыз. Биохимия көмегімен кілем сияқты түрлі өнімдерді өндіре аламыз. Айта кету керек, әлем бойынша мұндай технология тек бізде ғана бар, біз оны мақтан тұтамыз.

Сонымен қатар Қазақстанда бірлескен кәсіпорындардың құрылысы да жоспарланған. Бұл тізімге 51 нысан кіреді. Қазіргі кезде олардың бір бөлгі іске қосылған. Табысты ынтымақтастықтың айшықты мысалы ретінде  Қазақстанда өндірілетін қытай автокөліктерін айтуға болады.

ӘСЕЛ НАЗАРБЕТОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бір жақта өте қолжетімді қытай автомобильдері, бағасы арзандау, сапасы да тиісті деңгейде болғандықтан, халық сол автомобильдерді алуға мүмкіндіерін пйадаланып отыр.

САНАТ КҮШКІМБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазіргі таңда 11 жоба іске асырылды, ал жалпы 28 млрд доллардың жобалары жоспарланған. Қазақстан бұл өндірістердің экологиялық тұрғыдан таза, әрі зиянсыз болуына басымдық береді. Ең бастысы, осы кәсіпорындарда қазақстандық азаматтардың жұмыс істеуі керек.

Екі елдің саясаттанушылары мен экономистері жоғары деңгейдегі кездесулердің маңыздылығын айтады. Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынас пен әріптестік байланыстар Орталық Азия өңірінің дамуына қолайлы әсер ететіні анық, дейді олар.  

ЯНГ ЧЕН, ШАНХАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ШЕТ ТІЛДЕРІ ПРОФЕССОРЫ:

 - Осы жолғы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары екіжақты қарым-қатынастардың маңыздылығын тағы бір рет растайды. Бұл тек екі ел үшін ғана емес, Орталық Азия аумағының дамуы мен тұрақтылығы үшін өзекті.

Қазақстан Президентінің Қытайға мемлекеттік іс-сапары кезінде жалпы құны 13 млрд долларды құрайтын 40 коммерциялық келісім-шартқа қол қойылды. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жоғары деңгейдегі сенім мен ынтымақтастық 2 елдің экономикалық әлеуетіне оң әсер етеді.