«Еуразиялық сегіздіктің» ынтымағы

«Еуразиялық сегіздіктің» ынтымағы

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті әлемдегі жаңа экономикалық дәуірдің бастауы болды. Үлкен «Еуразиялық сегіздіктің» ынтымағы ұйымның тез дамуына септігін тигізді. Ал өзара әріптестік жаһандық үрдістегі жаңғыру мен инновациялық жаңашылдыққа жол ашады. Сонымен қатар сарапшылардың айтуынша, ғаламдық экономикалық дағдарыс жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері арасындағы әріптестік тиімді нәтиже береді. Мысалы, Қазақстан мен Қытайдың «Жібек жолы» бағдарламасы аясында инвестиция бойынша жасаған келісімді айтуға болады.

РҮСТЕМ ҚАДЫРЖАНОВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Қазақстан мен Қытайдың келісімінде темір жол мен автожол сияқты инфраструктураны ғана көздеп отырған жоқ. Осы жолдың жағасында өндіріс құру да жоспарда бар. Бұл Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне тиімді болмақ.

Циндаодағы саммит құрлықтары қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтумен қатар, сауда саласында дамудың жаңа жолдары мен мүмкіндіктерін ашады. Мемлекеттер өзара бәсекелестік жағдайында экономикалық өркендеуге бет түзейді.

ШЕРЗОД ЗИЁЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

 - Оң мүмкіндіктерді пайдалану арқылы әлемдік көшке ілесуге болады. Бұл жерде өзара экономикалық байланыс пен инвестициялық қамқорлық қажет. Бүгінгі таңда біз ең маңызды баспалдақта тұрмыз. Бұл Өзбекстанға ғана емес басқа да бауырлас елдер үшін тиімді. Ұйымның қауіпсіздік саласында да алар орны ерекше. Мәселен, Ауғанстандағы жағдай біршама тұрақтанып келеді. Дәл қазіргі таңда сол бірліктің арқасында Қазақстан мен Ресей, Беларусь пен алып Қытай сияқты елдермен арадағы барыс-келіс жақсара бастады.

Тұрақтылық пен дамуды мақсат еткен ұйымның Циндаодағы саммитінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан және Пәкістан елдерінің басшылары жалпы саны 17 құжатқа қол қойды. Олар мемлекеттердің өзара ынтымақтастығына, лаңкестікпен, есірткімен күрес және қоршаған ортаны қорғау сынды жаһандық мәселелерге қатысты. Мемлекет басшылары Ұйымға мүше елдер арасындағы ынтымақтастық барысында қалыптасқан «Шанхай рухын» ұстануға уағдаласты.