Қазақстан-Қытай: Стратегиялық әріптестік - Kazakh TV

Қазақстан мен Қытай өзара тиімділік қағидасына негізделген экономикалық ынтымақтастықты дамытуда. Екіжақты қатынастар қазақстандық экономиканың стратегиялық басымдықтарына қарай жолға қойылуда. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасына жасаған сапарының қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен кездесуде хабарлады. Мемлекет басшысы бірлескен индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуына тоқталды. Олардың нәтижесінде экспортқа бағдарланған қосымша құны жоғары жоғарытехнологиялық өнімдерді өндіруші кәсіпорындар құрылды, деп атап көрсетті президент.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Біз қазір индустриялық-инновациялық бағдарламамызды іске асырып жатырмыз. Осы күнге дейін 1200 кәсіпорын бой көтерді. Біздің міндетіміз – шикізатқа тәуелді емес баламалы экономиканы құру. Білесіздер, газ бен мұнай бағасы 30 пайызға арзандап кетті. Металл бағасы да құлдырады. Сол себепті келешекте қандай іс-қимыл қабылдауымыз керек, табысқа жетудің жолдарын ойластыру маңызды. 51 жобаның төртеуі іске қосылды, алтауы биыл іске қосылады. 11-і жұмыс істеп тұр. Міне, мен 21 жобаны атап өттіп, келесі жылға 18-і жоспарланған.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде, ядролық материалдардың заңсыз айналымының алдын алуда өзара ықпалдастық, қаржы, инвестиция, электрондық коммерция салаларындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумда бар. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен қытайдың ынтымақтастығы аумақтық деңгейден шығып, трансконтиненталдық дәрежеге жеткен. «Бір белдеу, бір жол» сынды жаһандық инфрақұрылымдық жобаға қатысу Қазақстанды елеулі геосаяси жетістіктерге жетелейді, дейді сарапшылар.

ДМИТРИЙ ЖУРАВЛЕВ, ӨҢІРЛІК МӘСЕЛЕЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасының қаржы орталығы деп толық айта аламын. Егер біз Париж бен Бейжің арасын алып қарасақ, Қазақстанның көпір іспетті екі әлемді жалғап тұрғанын көре аламыз. Сондықтан бұл бағдарлама маңызды. Болашақта қазақ елі көлік хабы ретінде әлемдегі орнын ойып тұрып алады. Негізгі тетіктердің көбі Еуразия кіндігі арқылы жүргізілетін болады. Осы орайда елдің экономикалық қуаттылығы артады. Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстануының арқасында Шығыспен де, Батыспен де одақтас. Бұл – дұрыс саясаттың жемісі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер