Қазақстан Президенті ШЫҰ аясында атқарылуы тиіс шараларды атады - Kazakh TV

«Өзара сенімге құрылған саяси диалогты бекемдеп, қауіпсіздікті сақтау Шанхай ынтымақтастық ұйымының басым бағыты болып қалуы керек. Бұл ретте Қазақстан құрылымға мүше мемлекеттердің ұзақмерзімді достық және ынтымақтастық жөніндегі құжатты рет-ретімен іске асыруды қолдайды».

Бүгін Елбасы Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан саммитте осылай деді. Президент ұйым аясында атқарылуы тиіс шараларды жіпке тізді. Соның бірі – экономикалық серіктестікті жандандыру. Құрылымға Үндістан мен Пәкістан қосылғаннан кейін ұйымның әлеуеті ұлғая түсті. Себебі оған мүше мемлекеттерде халық саны 3 млрд-тан асады. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев өзара инвестициялық жобалар аясын кеңейту керектігін атап өтті. Айтып қана қоймай, іске асыру тетігін ұсынып, экономикалық қауіпсіздік мәселесіне де мән берді.

Сондай-ақ Елбасы цифрлық және заманауи технологияларды дамыту үшін өзара тәжірибе алмасу қажеттігіне тоқталды. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық серпіліс жасауына инфрақұрылымдық мегажобалар ықпал етеді. Бұл шара мультипликативті әсер беріп қана қоймай, ұйымға мүше мемлекеттердегі мамандарды жұмыспен қамтиды. Бұған Бейжің-Астана-Мәскеу-Берлин бағытындағы теміржол магистралінің құрылысы мысал бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев мұндай жобаларды құрылымға мүше мемлекеттердің аясында іске асырудың тиімділігін атап өтті. Әрі бұл бастамалар Еуразиялық экономикалық одақ пен ұйымның ықпалдастығын арттырып, болашақта Еуропалық одақпен де тығыз байланыс орнатуға негіз бола алады. Президент сөз соңында бизнес қауымдастықты «Астана» халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер