1 күннен соң қытайлық Циндао портты қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының XVIII саммиті басталады. Оған Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин төрағалық етпек. Жиын нәтижесінде «Циндао декларациясына» қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ қауіпсіздік, сауда-экономикалық әріптестік және гуманитарлық байланыс салаларындағы 10 құжат мақұлданады деп күтілуде. Қытайдағы Қазақстан елшісі, саммит Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің әріптестігіне тың серпін береді деген ойымен бөлісті.

ШАХРАТ НҰРЫШЕВ, ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЕЛШІСІ:

 - Циндаодағы саммит сәтті өтеді деген ойдамын. Өйткені қазіргі таңда Қытайдың төрағалығы өте белсенді жүргізіліп жатыр. Көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Мұнымен қоса, саммит аясында бірқатар құжаттарға қол қою көзделіп отыр. «Циндао декларациясы» негізгі құжат болмақ. Онда қатысушы мемлекеттер әріптестігінің  бағыттары көрсетіледі. Сондай-ақ түрлі халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша нақты ұстанымдар анықталады. Сондықтан мұның бәрі тиісті нәтижесін береді деп есептеймін.

Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 20% Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдерге тиесілі. Сондықтан ұйым жұмысында біртіндеп экономикаға басымдылық берілуде. Өнеркәсіп, өндіріс, ғылым-техника салаларында ұйымға мүше елдер арасында тығыз байланыс орнаған. Жыл сайын электронды сауда бойынша да әріптестік нығая түсуде.

ЛИ СИНЬ, ШАНХАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР АКАДЕМИЯСЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы экономикалық әріптестік жоғары деңгейде. Қытай мен ұйымға мүше өзге елдер арасындағы өзара тауар айналымы 200 млрд доллардан асады. Бұл елдерге Қытай тарапынан бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 80 млрд долларға жетіп отыр. Соңғы кездері электронды сауданы бірлесе дамытуға ден қойылуда.

Жиырма жылға жуық уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер арасында мәдениет, білім, қоршаған ортаны қорғау, туризм және БАҚ салаларындағы әріптестік нығая түскен. Алдағы уақытта ұйым гуманитарлық байланысты нығайтуға аса ден қоймақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер