«Астана» ХҚО ресейліктерге таныстырылды - Kazakh TV

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Ресей және ТМД, Орталық Азия және Кавказ елдерінің бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ресейдің озық компанияларының өкілдері Мәскеуде қаржы орталығының жұмыс істеу қағидаларымен танысты. Қазақстандық тарап жаңа алаңда бизнес жүргізу үшін жасалған тиімді шарттар туралы баяндап берді. Бұл –жеңілдетілген визалық режим, 50 жылға салықтан босату, айрықша юрисдикция.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ,  АХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Біз үшін Азия және Еуразия екі үлкен нарығы өте маңызды. Инвесторлардың көп бөлігін Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан күтеміз. Дегенмен инвесторлардың біразы кезінде Кеңес Одағы құрамында болған, яғни Еуразия экономикалық одағы мен Орталық Азия мемлекеттерінен болады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы – аймақтық, әлемдік, жаһандық деңгейдегі инвесторлар үшін тың мүмкіндіктерге ашылған жол. Қазақстан үшін тиімділігіне келетін болсақ, елімізде инфрақұрылым, логистика, мұнай өңдеу және агроөнеркәсіп салаларында ірі инвестициялық жобалар іске асырылады.

Ресей экономистерінің пікірінше, Қазақстан – жаңа Жібек жолының құрлық дәлізінің құрылысына негізгі қатысушылардың бірі. Осынау жаһандық инфрақұрылымдық жобаға қатысам деуші инвесторларға «Астана» қаржы орталығы инвестициялаудың оңтайлы шарттары мен түсінікті құралдар жиынтығын ұсына алады. Бұдан басқа, қаржы орталығының биржасы аймақтағы тартымды активтерге инвестиция салуға да мүмкіндік береді.

ОЛЕГ КУЗЬМИН, «РЕНЕССАНС КАПИТАЛ» БАНКІНІҢ РФ ЖӘНЕ ТМД БОЙЫНША БАС ЭКОНОМИСІ:

 - Дамушы нарықтарға жергілікті өнімдерге деген инвесторлардың қызығушылығы артып отырғанына куәміз. Қаржы орталығының негізіне ағылшын құқығының алынуы, тәуелсіз судьялар мен дамыған инфрақұрылымының болуы – басты артықшылықтар.

АЛЕКСАНДР ГАБУЕВ, МӘСКЕУДЕГІ КАРНЕГИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АЗИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

-  Кен игеру саласында, өңдеу өнеркәсібінде көптеген жобалар қолға алынып жатыр. Оларға қаржыландыру керек. Бондтар салып, акция орналастыру қажет. «Астанадағы» қаржы орталығы біздің аймақта орналасқан және халықаралық құқық негізінде құрылған. Ережесі анық әрі түсінікті, Лондон, Нью-Йорк, Гонконг секілді дамыған қалалардағыдай жоғары қызмет деңгейі бар. Ал басты артықшылықтары оның қолжетімділігінде және аймақта орналасуында. Сондықтан аймақтық орталық атағын иеленуі әбден мүмкін.

Мемлекеттік активтерді жекешелендіру бағдарламасы Ресей инвесторларының ерекше қызығушылығын тудырды. Бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі – Қазақстанның ірі  мемлекеттік компанияларының IPO-ға шығуы. Олар «Астана» қаржы орталығы биржасының алғашқы резиденттері болды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер