АЭФ 2018: Сарапшылар пікірі

АЭФ 2018: Сарапшылар пікірі

АEF: Global Challenges Sammit – әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері сөз болатын халықаралық пікірталас алаңы ретінде өзін таныта білді. Мұндай ауқымды жиын Еуразиялық кеңістікте бұған дейін болмаған, деп есептейді латвиялық публицист Владимир Решетов.

ВЛАДИМИР РЕШЕТОВ, ПУБЛИЦИСТ:

- Астана экономикалық форумының Орталық Азияда ғана емес, әлем бойынша маңызы зор деп есептеймін. Мысалы, дигитлизация немесе сандық жүйеге көшу тақырыбын алайық. Тек экономикада ғана емес, сонымен қатар басқаруда да сандық жүйеге көшу – Латвияда кең өріс алып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жас ұрпақты тәрбиелеу туралы көтерген мәселесі өткір тақырып болды. Жасампаз ойлауға, ғылым-білімге, экономикаға шығармашылық тәсілді қолданып, қазіргі заман мүмкіндіктеріне жастарды дайындау керек.

Астана экономикалық форумында ұсынған Қазақстан Президентінің 5 жаһандық тренді сарапшылар арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр. Немістің Бундестагы мүшесі Андреас Ян бастаманың өзекті екендігін айтады. Сарапшының ойынша, энергетикалық революция ең заманауи тренд болмақ. Андрес Ян Қазақстан мен Германияның мақсаты ортақ таза энергия көздеріне көшу екендігін де айта кетті. 

АНДРЕАС ЯН, БУНДЕСТАГ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ ПАРЛАМЕНТТІК ХАТШЫСЫ:

– Біз Германияда болсақ та, Астана экономикалық форумын мұқият бақылап отырдық. Нұрсұлтан Назарбаев маңызды 5 тренд жайлы атап өтті. Біріншісі – цифрландыру. Бұл біздің болашағымызға тікелей қатысты. Германияда бұл сұраққа аса басымдық беріліп келеді. Қазір блокчейн, жүргізушісіз автокөлік сынды жасанды интеллект заманында өмір сүріп жатырмыз. Ақырындап өндірістің орнын жаңа сала баса бастайды. Сол себепті Президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, әрдайым трендте болып, заман ағымынан қалмауымыз керек. Ал ең бастысы – сол жаңашылдықты уақтылы енгізу. Бүгінгі таңда баламалы энергия – өте өзекті тақырып. Германияның бұл салада тәжірибесі мол болғандықтан, серіктестігіміз тереңдей түседі деген ойдамыз.

 

Айта кетейік, елордада өткен Global Challenges Summit форумында «Астана» халықаралық қаржы орталығы таныстырылды. Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың айтуынша, қаржы аймақтары үшін бұл өте маңызды оқиға болды. Яғни ол Қазақстанға инвестиция тарту, сондай-ақ елдегі экономикаға серпін беретін стратегиялық қадам болып отыр. Еуропалық және халықаралық зерттеулер орталығының еуразиялық сектор жетекшісі Юрий Кофнер Астана экономикалық форумы жетекші аймақтық алаңынан әлемдік сарапшылардың сараптама әрі пікір алаңына айналды деген пікір білдірді.  

ЮРИЙ КОФНЕР, ЖОҒАРЫ ЭКОНОМИКА МЕКТЕБІНІҢ САРАПШЫСЫ:

– 15 жылда Астана экономикалық форумы өңірлік Еуразиялық экономикалық деңгейден өте маңызды әрі ауқымды, алдыңғы қатарлы халықаралық деңгейдегі форумға айналды. Бұл, әрине, алдымен Қазақстанның ұстанған саясатына және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларына да сай келеді. Президент 2050 жылға қарай қазақ елін тек аймақтық көшбасшы ретінде емес, сонымен бірге әлемдегі ең үздік дамыған мемлекеттер қатарына енгізуді мақсат тұтып отыр.