Астана экономикалық форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһанның 5 маңызды мегатренді қатарына әлемдік еңбек нарығының трансформациясын қосты. Қазіргі таңда білім беруде шығармашылық ойлау қабілетін қалыптастыру, қажетті ақпаратты тауып, мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік беру тәжірибесінен өту өте маңызды, деді ол. 80 жылдық тарихы бар британиялық Bottisham Village College оқушының бойында тұлғалық қасиеттерін айқындайтын ерекшеліктерін дамытуға ден қояды. Білім ордасының өкілдері бүгінгі заманның адамы бірнеше мамандықты игеруге және «Өмір бойы білім алу» қағидасын ұстануға дайын болуы керек дейді. Олар бірнеше жылдан бері қазақстандық әріптестерімен көшбасшылар тәрбиелеудегі тәжірибесімен бөлісіп келеді.

ДЖЕННИ РЕНКИН, BOTTISHAM VILLAGE COLLEGE ДИРЕКТОРЫ:

 - Британиялық «Супер мектеп» және Кембридж университеттері қазақстандық керемет жобаға тартылды. Біз көшбасшылық, мектепішілік оқуды жетілдіру және бұл бастамаларда тәжірибелік ізденулердің қалайша көмектесетіндігін зерттедік. Соңғы 4 жыл бойы біз Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге тағылымдама бағдарламасын жүзеге асырдық. Олар қазақстандық мұғалімдердің қандай жетістіктерге жеткендігін көрсетіп отыр.

СӘУЛЕ ӨМІРБЕКОВА, ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл әріптестіктің негізі – біріншіден, мұғалімдерге өз тәжірибесін зерттеуді үйрету. Алғашқы жылдары британиялықтардың айтып жатқандары негізсіз және оқыту процесіне ешқандай қатысы жоқ көрінетін. Бірақ қазір тәжірибені зерттеу және жетілдіру арқылы мұғалімнің ата-ана және оқушымен күнделікті жұмыста өз артықшылықтары мен кемшіліктерін қаншалықты сараптай алатындығын біле аламыз. Өйткені тәжірибені бүгін сараптай отырып, болашақта табысқа кенелу әбден мүмкін.

Бүгінгі таңда Талдықорған қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 18 мұғалімі Bottisham Village College-інде тағылымдамадан өтті. Бұл уақыт ішінде олар оқушылармен және ата-аналармен жаңаша жұмыс істеуді үйренді. Шынымен де, бүгінгі күннің кәсіпорындары жаһандық сын-тегеуріндерге жауап беру үшін білікті кадрлерді жұмысқа тартуға тырысады. Ал ондай мамандарды дайындауға қабілетті болу үшін қазақстандық оқу орындары ең бастысы білім саласын жаңғырту керектігін жақсы түсінеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер