Еуразиялық медиа форум: Заманауи журналистика - Kazakh TV

Алматыдағы XV Еуразиялық медиа форумда бұқаралық коммуникация саласының өзекті мәселелерін әлемге аты мәшһүр саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, беделді халықаралық ұйымдардың, зерттеу орталықтарының басшылары, тілшілер талқыға салды. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің атынан құттықтау сөзімен еліміздің ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бастады. Министр елбасының «заманауи  журналистика жоғары жауапкершілікті талап ететіні» туралы сөзін мысалға келтірді. Өйткені соңғы кезде көрермендер ақпарат көздеріне балама іздеп, дәстүрлі масс-медиаға күмәнмен қарау көзқарасы қалыптасып келеді. Ал классикалық бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекелестікте артықшылығы, елбасының пікірінше, жоғары кәсіби біліктілік пен ұсынылатын ақпарат мазмұнының сапасына негізделуі тиіс.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

- Осы мақсатта ақпараттың ашықтығын дамыту және үздіксіз диалогты қолдау қажет. Мұның барлығы ынтымақтастық орнатуда туындыған мәселелерді шешуде түйінді шарт болып отыр. Еуразиялық медиа форум – осы өзекті мәселелерді жан-жақты қарап, жоғары деңгейде талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Еліміз үшін маңызды жиынның сапалық құрамы мен танымалдылығы сындарлы пікір қалыптастыру және тәжірибе алмасу барлық қатысушылар үшін үлкен мүмкіндік беріп отыр. 

Еуразиялық форумда спикерлер өте өткір сұрақтарды көтерді. Атап айтсақ, бұқаралық көші-қон, соның ішінде Еуропаға ағылу мәселесі туралы ой пікірлер сан алуан болды. Егер кейбір сарапшылар босқындар ел экономикасына айтарлықтай зиян келтіреді десе, кейбірі керісінше, жаппай көші-қон Еуропа халқының қартаю, демографиялық әлсіреу және жұмыс күшінің жетіспеушілігін жояды деген пікір айтты. Сонымен қатар саммитке қатысушылар ақпараттық соғыс, бұрмаланған ақпаратты беру немесе саяси құрал ретінде фэйк жаңалықтарын сол қалпында тарату мәселелерін талқылады.

СЬЮЗАН МЕРИ ФИЛЛИПС, ЕУРАЗИЯЛЫҚ МЕДИАФОРУМНЫҢ  БАС ПРОДЮСЕРІ:

- Қазіргі заманғы қоғамды толғандыратын өзекті мәселелерді қозғауға тырыстық. Медиа саласын цифрландырудан бастап, гендерлік теңдікке дейін пікір алмастық. Менің ойымша, әрбір кәсіби маман талқыға салынған тақырыптардың ішінен өзіне жақын мәселені жаңа қырынан аша алады.

Айта кетейік, Еуразиялық медиа форумның алғашқы күні журналистер мен студенттерге «нон-стоп» жүйесінде авторлық шеберлік-дәрістері өткізілді. Журналистік өнердің құпиясы мен медиа кеңістігінің болашағы туралы және жаңа технологиялар саласы жайлы АҚШ, Еуропа елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан, ТМД мемлекеттерінің беделді тілшілері, жетекші мамандары ой бөлісті.

ЮСУФ ОМАР, МОБИЛЬДІ ЖУРНАЛИСТІК ТЕХНОЛОГИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

 - Қазір мобильді технологиялар біртіндеп кейін шегеріліп, оның орнын виртуалды шындық басып келеді. Менің тағып тұрған көзілдірігім бейне түсіріп, кез келген нүктеден репортаж жүргізуіме мүмкіндік береді. Және цифрлық қосымшалар, бағдарламалар менің көріп тұрғанымды, медиа каналында айтқанымды тікелей жариялауға мүмкіндік бере алады. Нақтырақ айтқанда бұл қазіргі журналистиканың бәсеке құралына айнала бастады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер