Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығы

Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығы

Қазақстан мен Грузия ынтымақтастығының әлеуеті мол. Екі арадағы экономикалық байланыстар қарқынды дамуда. Өзара тауар айналымы 2017 жылы  56% өссе, көрсеткіш биыл да еселеніп тұрақты түрде ұлғайып келетіні байқалады. Қос ел транзиттік әлеуеттерін де тиімді пайдалануда. Бұл бағыттағы ықпалдастықтың көкжиегін кеңейтуде жақында қолданысқа берілген  «Баку-Тбилиси-Карс»  халықаралық темір жол жоба­сы үлкен сеп болды. Жаңа Ұлы Жібек жолын жалғастырушы бұл бағыт Қазақстан үшін Еуропаға із салған балама дәлізге айналып отыр. Сондай-ақ Грузия елімізді теңіз жолдарына шығаратын маңызды геостратегиялық серіктес саналады.

ЗУРАБ ПАТАРАДЗЕ, АДЖАР АВТОНОМИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ /ГРУЗИЯ/:

 - Грузия Орталық Азия елдерінен келетін жүктердің ағынын Еуропаға жеткізу үшін бар жағдайларды жасап отыр.  Каспий теңізі арқылы бізге жеткізіліп, кейін  Қара теңіз жолымен әрі қарай жөнелтіледі. Бұл жүк тасымалын әртараптандыру үшін өте маңызды жол саналады. Осы бағыт арқылы елдеріміз әріптестігін жан-жақты дамыта алады. Біз қазіргі таңда Қазақстанмен бірлесе Қытай, Үндістан, Орталық Азия аумағындағы мемлекеттерден қосымша жүк тарту төңірегінде жұмыс жасап жатырмыз. 

Бүгінде еліміздің аумағында грузиялық капиталмен 120-дан артық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Ал Грузияда 250-ден астам отандық өндіріс ошағы төл кәсібін дөңгелетіп отыр.

ЗУРАБ ПАТАРАДЗЕ, АДЖАР АВТОНОМИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ҮКІМЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ /ГРУЗИЯ/:

 - 2017 жылмен салыстырғанда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 3 есеге артқанын көріп отырмыз. Бұл тараптардың дұрыс стратегиялық бағыт таңдағанының жемісі деп білеміз. Қос жақтың да бизнес қауымдастықтары өзара тікелей байланыс орнату мүмкіндігіне ие.  Ол үшін барлық мемлекеттік қолдау тетіктері сәтті жүзеге асып отыр.

Қос елдің өзге салалардағы ынтымақтастығы да жемісті. Қазақстан Грузияға келетін туристердің саны бойынша алғашқы он елдің қатарына кіреді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл Оңтүстік Кавказ мемлекетіне саяхаттаушы отандастарымыздың қатары 20% артыпты. Есесіне бүгінде елімізден Грузияға ұшатын тікелей әуе қатынасыда аптасына 20 рейске дейін жетіп отыр.