АЭФ 2018: 2030 жылға қарай жер бетіндегі халықтардың 70% үлкен шаһарларда шоғырланады - Kazakh TV

Мегаполистер мен қалалар санының өсу дәуірі. 2030 жылға қарай жер бетіндегі халықтардың 70% үлкен шаһарларда шоғырланады деп күтілуде. Елімізде өтіп жатқан Астана экономикалық форумында болашақ қалалар және ақпараттық технологиялар саласының жетекші америкалық маманы Энтони Таунсенд осындай болжаммен бөлісті. Сарапшының пайымдауынша, соңғы кезде қалалардың күрт дамуы байқалады. Жаппай кенттену үрдісі климаттың өзгеруі, халықаралық көші-қон, қалалықтарды баспанамен қамту және қылмыс сынды жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс. Шаһарлардың жайлылығын қамтамасыз етуде «Smart sity» тұжырымы таптырмас көмекші. Бұл жүйе қалаларға соны үлгідегі технологияларды барынша ендіруді көздейді.  Бұл орайда Энтони Таунсенд форумда Қазақстан Президенді ұсынған әлемнің таза энергияға ұмтылуы сынды мегатрендттің маңызы айрықша екенін айтады.

ЭНТОНИ ТАУНСЕНД, БОЛАШАҚ ҚАЛАЛАР САЛАСЫНЫҢ МАМАНЫ /АҚШ/:

 - Озық үлгідегі шешімдерді бүгіннен қалмай ендіре бастау үшін Қазақстанның әлеуеті зор. Бұл ең алдымен елорданың құрылысына құйылған инвестицияның тиімділігін арттыра түседі. Меніңше, ақылды қалалардың барлығы тегістей жаңартылатын энергияны пайдаланғаны абзал. Баламалы қуат көздерін жетілдіру шаһарлардың дамуымен тікелей байланысты. Шағын елді мекендерге қарағанда үлкен қалаларда тиімділігі артады. Мегаполистердің бүгінгідей дамуы тарихта болған емес. Сондықтан «жасыл энергетика» саясатын кеңінен қолдану «ақылды қалалардың» өркен жайюының бірден-бір жолы деп білемін. 

Футуролог әрі кәсіпкер Дэвид Голдсмиттің пікірінше, жаһандық деңгейде еңбек нарығындағы өзгерістер сынды мегатрендтің адамзат болашағына әсер ету ықпалы мол болмақ. Алдағы уақытта еңбекке жарамды адамдардың атқарып жүрген жұмыс күшінің 80% роботталған жүйеге алмаспақ. Сарапшының пайымдауынша, технологиялық жаңғыру адам өмірін жеңілдете түседі. Алайда бүгіннен бастап жаңашылдықтарды басқара алатын кәсіби мамандарды даярлау ісіне мән берген жөн. Бұл үрдіске көшудің барлық қатерлерін ескеру қажет дейді, маман.

ДЭВИД ГОЛДСМИТ, ФУТУРОЛОГ, БИЗНЕС-СТРАТЕГ, КӘСІПКЕР /АҚШ/:

 - Біз бүгінде енді дамып жатқан жасанды интеллект, 3D баспа, синтетикалық инженерия сынды жаңашылдықтардың біздің болашақтағы өмірімізге қаншалықты әсер ететітін дөп басып айту қиын. Мәселен, роботтталған жүйелердің тау-кен өндірісі саласына әкелер пайдасы қандай болатынын анық білмейміз. Бүгінгі өндіріске қажетті 60 мың адамның орнына жаңа технологиялар келгенде небары сол жұмысқа 1500 адамның жеткілікті болуы мүмкін. Бұл барлық индустрияға қатысты болмақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер