Назарбаев АЭФ-тің жұмысына қатысты

Назарбаев АЭФ-тің жұмысына қатысты

Қазақстан елордасында Global Challenges Summit – Астана экономикалық форумы өтіп жатыр. Ауқымды шараға Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Елбасы әлемдік экономикадағы 5 негізгі мегатрендке тоқталды. Біріншісі – адамзат қызметінің барлық саласына еніп жатқан цифрландыру үрдісі. Жаһан көшіне ілескен еліміз «Цифрлық Қазақстан» жобасын қолға алды. Нәтижесінде халықтың цифрлық сауаттылығы 85% артты. Ал өңдеуші өнеркәсіпте еңбек өнімділігі алдағы 5 жылда 1,5 есеге ұлғаяды. Нұрсұлтан Назарбаев екінші тренд ретінде энергетикалық революцияны атады. Бұл ретте еліміз ЕХРО көрмесін өткізіп, баламалы қуат көздерін дамытып жатыр. 2030 жылға дейін елімізде энергетикалық баланстағы жаңартылған энергияның үлесі 30 % жетуі тиіс.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Небары 30 жылдың ішінде жаңартылатын қуат көздерінен алынған энергияның көлемі 13 есеге өсті, күн панельдерінің құны 2 есеге төмендеді, электромобильдерге деген сұраныс артты. Егер жер бетіндегі барлық автокөліктерді электркарлармен алмастырсақ, бұл ауаны осыдан 200 жыл бұрынғы деңгейге дейін тазартуға мүмкіндік береді екен. Дәстүрлі қуат нарықтарының ең ірі ойыншылары жаңа энергетикаға инвестициялай бастағанына куә болып отырмыз. Қазақстан да қарап тұрмай, бұл іске араласуда. Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен ЕХРО көрмесін өткіздік. Ол елімізде жасыл энергетиканы дамытуға серпін берді. 2030 жылы Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының 30 % баламалы энергетика көздері құрайтын болады.

Мемлекет басшысы атап көрсеткен үшінші және төртінші трендтер: Жер бетіндегі халық санының өсуі және урбанизация. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2050 жылға дейін әлемде 7 млрд адам қалаларда тұратын болады. Сол кезде ірі мегаполистер арасында бәсекелестік туындайды. Елбасы назар аударған тағы бір тренд – жаһандық еңбек нарығының трансформациясы. Президенттің пікірінше, адамның орнын роботтар алмастыруы мүмкін. Қазірдің өзінде адамдар бірнеше кәсіпті меңгеріп, үздіксіз білім алу қағидасын ұстануға тиіс, дейді Қазақстан Президенті. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Осы сын-тегеуріндерге төтеп беру үшін жаңа тиімді тетіктер әзірлеу қажет, мемлекеттер арасында диалог орнатылып, білім алмасу маңызды. G 7, G 20 форматтары әлемнің ғаламдық мәселелерінің барлығын қамти алмай отыр. Сол себепті біз G-Global, идеясын ұсындық. Ол барлық мемлекеттердің пікірлері мен мүдделерін бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік береді. G-Global, теңгерімді шешімдер әзірлеудің тиімді құралына айнала алады.