АЭФ 2018 өз жұмысын жаңа форматта бастады

Елордада өз жұмысын бастаған Астана экономикалық форумының форматы өзгерді. Биыл ірі экономикалық оқиға барынша интерактивті түрде жұмыс істемек. Белгілі экономистер, шетелдік саясаткерлер мен ғалымдардың сұхбатын келушілердің бәрі тыңдай алады. Сондай-ақ форум мүшелерін де пікірталастарға барынша белсенді қатыстыру жоспарланып отыр.

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ» ҚОЛДАУ ЖӘНЕ G-GLOBALДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Биылғы форум, әдеттегідей, дөңгелек үстел ғана емес, ТedX форматында өтуде. Пікірталастарға зал барынша белсенді қатысатын болады. Біраз жаңаша формат деп ойлаймын. Сондай-ақ жақсы идеялар мен жобалардың таныстырылымы да ұйымдастыралады. Оларды қабылдау немесе қабылдамау жайлы шешім залмен бірге шығарылады. Жобаны таныстыра сала бірден жұрттың көзқарасын білу, әрине, өте қызықты әрі тиімді деп есептеймін.

Осымен 11-ші рет өткізіліп отырған форумда 11 жаһандық мәселе талқыға ұсынылған. Сарапшылар ақылды қалалар, өнеркәсіпті роботтандыру, таза энергия әлемі, ресурстар әлемі және болашақ ақшасы атты сын-тегеуріндерді сөз етуде.  Болашақ ақшасы демекші, бұл тұста сарапшылар криптовалюталардың болашағы, жаңа қаржы кезеңінің қашан басталатындығы жайлы ойларын ортаға салуда.

САПАРБАЙ ЖҰБАЕВ, ҚАЗАҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ, Э.Ғ.К:

 - Бүгінде ресми әлемдік валюта – халықаралық валюта қорының SDR деген  ақшасы. Ол мына 5-6 резервтік валютаның ортақ пұлы болып есептелінеді. Бірақ SDR, өкінішке қарай, әлемдік валюта бола алған жоқ. Жапония, Австралия сияқты мемлекеттер биткоин сынды жаңа электронды ақшаларға өткізіп жіберді. Бірақ оның бір қызығы – сол ақшадан ешкім байыған жоқ. Ал ақша қашан да байлықтың эквиваленті болуы тиіс.

Форумның мақсаты – жаһандық экономикадағы өзгерістер жағдайында жекелей Орталық Азия өңірінің және жалпы әлемдік кеңістіктің экономикалық дамуын талқылай алатын халықаралық бейтарап алаң құру болатын. 11 жылда бұл міндет өз деңгейінде орындалды деуге болады, - дейді қатысушылар.