Алматыда мамырдың 17-18 күндері Корей түбегіндегі екі елдің бейбіт түрде бірігуіне арналған халықаралық форум өтеді. Оңтүстік және Солтүстік Корея елдерінің ғалымдары, спортшылар мен музыканттары алғаш рет ортақ  диалог алаңында бас қосады. Шараны Қазақстандағы корейлер қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Еске салсақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Нұрсұлтан Назарбаев «ядролық бестік» елдеріне Корей Халық Демократиялық Республикасы ядролық қарудан бас тартқан жағдайда қауіпсіздік кепілдіктерін беруді ұсынды. Мемлекет басшысы, сондай-ақ Солтүстік Кореяның ядролық мәселесі бойынша келіссөздер алаңын қамтамасыз етуге дайын екенін жеткізді. Атап өтерлігі, корейлер Қазақстандағы ең ірі диаспоралардың бірін құрайды. Республиканың әрбір өңірінде корей этномәдени орталықтары жұмыс істейді, корей театры жұмыс жасап тұр, корей тілінде газет жарияланып тұрады.

ГЕРМАН КИМ, ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ПРОФЕССОРЫ:

 - Солтүстік Кореяның басшысы экономикалық дамудың қытайлық үлгісін ұстануға және оны толықтай мемлекеттік бақылаудан шығаруға шешім қабылдады. Сондықтан Қазақстандағы корейлер ғана емес, кез келген ұлт өкілі аталған елдің экономикасына инвестиция сала алатын уақыт келді деп ойлаймын. Себебі онда дамытуға тұрарлық бағыттар бар. Мысалы тау-кен өнеркәсібі саласы өте тиімді.

Еске салсақ, сәуірдің соңында 11 жыл ішінде алғаш рет Оңтүстік және Солтүстік Корея басшыларының тарихи кездесуі өтті. Саммиттен кейін Сеул мен Пхеньян «өркендеу жолында» бірлесе әрекет етуге келісті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер