АЭФ сарапшылары: 20 жылдан кейін жұмыс орындарының 57 % автоматтандырылады - Kazakh TV

Ертең еліміздің бас қаласында Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастайды. 11-ші рет өткелі отырған айтулы жиында бірыңғай экономика әлемі, жаһандық стратегия әлемі, ресурстар әлемі, таза энергия әлемі, ұзақ өмір сүру әлемі сынды 11 жаһандық тақырып талқыланады. Саммит аясында сарапшылар мемлекеттер арасындағы ортақ жұмыссыздық мәселесін шешу жолдарын қарастырмақ. Себебі, қазір әлем роботтандыру дәуіріне аяқ басып келеді. Экономистердің болжамына сәйкес, 20 жылдан кейін жұмыс орындарының 57 %  автоматтандырылады.

САРА АЛПЫСБАЕВА, МАКРОЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН БОЛЖАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- Яғни байлар байыған үстіне байып, кедейлер кедейленіп барады. Орта тап деген ұғым көмескіленіп барады. Ал орта тап – қоғам тұрақтылығының негізі. Бұл ретте Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын айта кетпесе болмайды. Президент айтқан жеңілдетілген салық – осы жағымсыз үрдісті үзеңгілеуге көмектеседі. 

Астана экономикалық форумында міндетті түрде талқыланатын тақырыптардың бірі – криптовалюта мәселесі. ХХІ ғасырда криптовалюта дәуірі орнап келеді. 8 жыл бұрын қолданысқа енген  уақыт пен оралымдылық сынды жоғары бағаланатын таптырмас құралдар кейбір елдерде заңды түрде бекітілген. Алайда, сарапшылар анонимдік түрдегі артықшылықтармен қатар, конверсиялық шығындардың кері әсерін де көреді.  

МАДИЯР КЕНЖЕБОЛАТ, «ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫ» АҚ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Бүгінде алаяқтар, криптовалютаны есірткі саудасында, қару-жарақ сату және де басқа да қылмыстық мақсатта қолданып келеді. Әлі де  теріс пиғылда қолдануы мүмкін. Бұл ақшалардың эмиссиясы ұлтаралық әрі бүркемелі болып отыр. Сол себепті  аталмыш саланы ретке келтіру өте қиынға соғып тұр. 

Ұзақ ғұмыр әлемі. Орташа өмір сүру жасын 80 жылға, ал ұзақ өмір сүруді 120 жасқа дейін ұлғайту. Бұл – Астана экономикалық форумында айтылатын 11 жаһандық сын-тегеуріннің бірі. Әлемде 60 жастан асқан ересек адамдардың саны 2050 жылы 2 миллиардқа жетпек.  Геронтология – тірі ағзаның, яки адамның қартаю мәселесімен де Қазақстан бетпе-бет келіп отыр.

АЯУЛЫМ САҒЫНБАЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Халқымыздың саны қазіргі кезде көбейіп, әсіресе 65 жастан асқан халықтың саны көбейіп, халықтың қартаюы жыл сайын өсіп келе жатқаны тек қана экономикалық салаға емес, сонымен қатар медицина, әлеуметтік қызметтерге үлкен бір сын сияқты болып көрінуі керек.

Астана экономикалық форумы сарапшылардың айтуынша, болашақ адамзат мәселесі турасында ойландыратын ауқымды тақырыптарды көтермек. Әлемдік қауымдастық XI форумда көтерілетін өзекті мәселелерді асыға күтеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер