«Отар» әскери полигонында жауынгерлік парад өтті

«Отар» әскери полигонында жауынгерлік парад өтті

Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасының полигонында Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік парад өтті. Салтанатты шеруді ел Президенті – ҚР Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап алды. Мемлекет басшысы 2020 жылдан бастап еліміздің жалпы ішкі өнімінің кем дегенде 1 пайызы қорғаныс саласына бағытталатынын жеткізді. Ондағы мақсат – 2030 жылға дейін  халқымыздың берік қалқаны болатын мобильді әрі жоғарғы сапалы әскер қалыптастыру.  Президент «барша халықты айтулы мерекемен құттықтап, бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, тәуелсіздіктің қорғаны болу - мәртебелі міндет»,-деді.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

- Жауынгерлік ту – туған жерге адалдықтың, ерлік пен батырлықтың нышаны. Қасиетті байрақ рухы биік, ержүрек сарбаздарды әрдайым жеңіске жетелейді. Бауыржан Момышұлының «Батырлық өскен ортаға, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі бар. Азаматтарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде әскери дәстүр маңызды рөл атқарады. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы ерекше жауапкершілігін сезінуге тиіс. Қарулы күштерімізде жігерлі жігіттермен қатар аяулы аруларымыз да әскери қызметті абыроймен атқарып жүр. Сондықтан, бүгінгі мереке ер азаматтармен қатар сап түзеген қайсар қыздарымызға да ортақ.